27.05.2022
  383


Автор: Нұрым Шыршығұлұлы

Тоғыз ауыл

Сөз базарын бастайын,
Əуелі, Алла – Бірімнен,
Өзіңнің берген деміңнен.
Қателік кетсе, ғафу ет,
Сүйексіз жазық тілімнен.
Жад етсең Жаппар Алланы,
Арыларсың көңіл кіріңнен.
Аластама бізді, бір Алла,
Мақшардың таңы болғанда
Сəулелі жəннат күніңнен.
Бұрынғы өткен шайқылар,
Адастыра көрме ізіңнен.
Адыра қалған атамнан,
Опасыз пəни – сұм заман,
Қорқамын жаман түріңнен –
Бір жəрдем бізге болмаса
Жасаған Ие, пірімнен?!
Пірлер мен шайқы көп өтті,
Бұл пəни, сенің жүзіңнен.
Қабаты қалың қара жер,
Кіргендер шықпас түбіңнен.
Неше күн жолдас болармыз,
Жалғаншы дүние, сізіңмен?
Өлгеннен соң не пайда
Сайраған қызыл тіліңнен?
Алжастың басы сол екен –
Абылды Қабыл өлтіріп,
Қас болды кəпір бізіңмен...
(1831 1908)
Хан Аюке қалмаққа
Уса-Серен бас болып,
Дұшпанымен қас болып,
Қытайдың қалың шəрінен
Қалмақтың жұрты бүлінген.
Одан бергі заманда
Ағыны қатты ақ дария –
Емініп аққан Еділде,
Жағасы биік Жайықта,
Ойыл, Қыйыл, Самарда,
Аңқаты мен Қыйғышта
Қарға бойлы Қазтуған
Ердің даңқы білінген.
Қания деген қалмаққа,
Сол қалмаққа бармаққа,
Қызын қатын қылмаққа
Орақтың ұлы Қарасай
Ауыр антқа ілінген.
Қарабау мен Тайсойған,
Ол – Қайғы-Асанның жұрты екен,
Кəпірменен қас болып,
Мұсылманмен дос болып,
Əммеге дəрпі паш болып,
Қарауыл салмай қонған жер
Қорғанша деген күдірден.
Сондай жұрттың жері екен
Көлденең жатқан ұзын Жем.
Көргенім жоқ көзіммен,
Ескірмейтін есті сөз –
Айтамын сондай ызыңмен.
Тағы бір сөз айталы,
Ескі сөздің сағасы,
Жұмалы қарттың баласы
Өзі туған қарт ноғай
Жеті жылдай сүрінген.
Ескі сөздің мағынасы
Ноғайлының ішінде
Көзей қарттан білінген...
Бұл күндері болғанда,
Алладан қуат болмаса,
Не шығар артық тілімнен?!
Пайда тапқан жан бар ма
Бүгінде ділмар білімнен?!
...Бетегесі белден шық,
Жегендерін желдентіп,
Сəуір сала – Сарыарқа –
Біздің байлар баса қонған тербентіп.
Айрақты мен Алатау –
Кім тұрушы ед ол маңда
Адай-ата көшкен күн
Салтанатпен сəндентіп?!
Жазғытұрым болғанда,
Күн заузаға толғанда
Көшуші еді қарыштап,
Шайқылар қонған қара жұрт –
Маңғыстауды күңірентіп.
Көгорай балқаш солғанда,
Күн ақырапқа толғанда
Қайтушы ед елім қоныстап,
Қараша қаздай қыйқулап,
Қанаттарын серментіп.
Ойыл, Қыйыл, Жем, Қайнар –
Көлденең өтіп ел жайлар.
Арқаның алпыс саласы,
Алатау мен Сарыарқа
Біздің Адай тең жайлар.
Елеуретіп ерлерім
Екі жүйрік тең байлар.
Жаз нəубеті жетіле
Қозғалушы ед шарықтап,
Маңғыстаудың қара ойын
Қыя алмай шыққан не байлар.
Алғыйдың құба дөңінде
Бұйқыт жатқан еліңе
Қауырт тисе көп дұшпан,
Сонда шыны сор қайнар!
Күні бүгін болғанда
Адыра қалып барасың,
Қайран Шоқыбоз бен Бегайдар!
Шоқыбоз бен Бегайдар,
Бесқопа мен Бесқақтан
Ноғайлының елдері
Ерте тұрып, кеш жатқан.
Алғыйдың құба дөңінде
Қарға бойлы Қазтуған
Қауырт көшкен жер екен,
Қапыда дұшпан көп шапқан.
Бұрынғы өткен заманда
Манжұрдың ұлы Ер Шуақ
Атасы қалмақ демесең,
Ол-дағы əділдікті пір тұтқан.
Заманнан заман озғанда,
Күйкеннен бергі бауырда
Қателікті бір тапқан
Мусаның ұлы Орақтан.
Адыра қалған жер еді
Арғымақтың бауырынан тері аққан,
Алғаулы судың бойында
Азаматы өкінішпен дəм татқан.
Қарға бойлы Қазтуған
Қапы қалып, сол арада жау шапқан.
Манашыдай мырзаны
Қазалап қалмақ ант атқан.
Бұлықсыған ерлерім
Тарығып талай сан соққан.
Ол күндері оларға
Өштескен дұшпан көп екен
Кеудесіне кек қатқан.
Ноғайлының елінде
Ормамбет ханның – Азауыл1
Салмаған екен қарауыл.
Ойланбай қылған іс – ойран,
Пəрменмен болған жаза – ауыр.
Таршылық басқа түскенде
Бір Тəңіріні пана қыл.
Тар-қамашау қоныста
Жортуыл ердің жатқаны,
Қəперсіз асын татқаны –
Алладан келген қаза-дүр...
Қызарып күн батқанда,
Сарғайып таң атқанда,
Менменсіген ерлерім
Қателікпен алдырды –
Қауіпсіз, қамсыз жатқанда
Қапыда түсті қақпанға.
Елдің алды асқанда,
Көлденең-Шыңға басқанда;
Айтулы ердің тұқымы
Айла таппай сасқанда;
Қыз-келіншек, жас бала
1
Азауыл – Азау қаласы.
Тұс-тұсына қашқанда –
Екі жүз елу шамасы
Жəуміт келіп ұрынған
Екінті мен ақшамда.
Жəуміт-жау келіп ұрынған,
Ұлды сүйреп тұлымнан,
Қызды сүйреп бұрымнан
Бар жаулығын қылынған.
Амал таппай дұшпанға,
Күйкеннен бергі мұрыннан
Көштің алды бұрылған.
Адыра қалған жер еді –
Ноғайлының, біз түгіл,
Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Кешегі «Қырық таңбалы Қырымнан».
Төремұрат батырдың
Өлген жері сол екен –
Қарғыс оғы құрылған.
Тек шипалы жер екен,
Ойлап тұрсам бұл қоныс
Құтсыз екен бұрыннан...
Борқұдықтың қасында,
Байкүшіктің басында
Көтерді дұшпан іргені.
Көкалалы көп жылқы –
Ен жылқыны, елді алып,
Жидырды ноқта-сіргені,
Елдің алдын іздеді.
Көшіп еді ұмтылып
Елден бөлек ілгері,
Əнтек болды бұл жері –
Тоғыз ауыл ішінде
Кенжесары кеңпейіл,
Сүгірəлі атанған
Құрман-Таған бірге еді.
Ту ұстап, тұлпар мінбеді,
Ту, тұлпардан не пайда –
Күні бұрын болжалдап
Жау келерін білмеді,
Хабар ерте тимеді.
Болжамады ертеден,
Жетімді алды желкеден.
Ен жылқыны, кенді алды,
Қатарлап жиған теңді алды.
Ақ орданы аударып,
Аруларды алды теңсеген.
Əулием Бекет болғалы
Бұл секілді шулатып
Алған жоқ ед дұшпан еңседен.
Бедеулерін құр-құрлап,
Жатқан жерден тұр-тұрлап;
Тал шыбықтай белі бұралып,
Мақпал мен жібекке оранып;
Алтын үзбе сырғасы
Құлағында сыңғырлап,
Қыздары кетті байлардың
Оң жақта отау тұлдырлап.
Бұл хабарды естісе,
Маңғыстау толған əулие –
Тəмам шайқы қынжылмақ.
Əулиелер қарғаса,
Елге тиген дұшпанның
Ақ киіктей орттырып,
Алдынан жебе құрдырмақ.
Екі жүз елу жəумітті
Табан серіппей қырдырмақ.
Бұл сөзімді сынасаң,
Жалған-ау деп, жамиғат,
Шабылған жерін сұрасаң –
Ортатөрткүл-Қызылқақ.
Байбоз-Жамбоз – екі ауыл
Ілгері көшті қырындап,
Адайдан бұрын зырылдап.
Тəңірім қайтып алмаса,
Қайтқан жоқ еді бұрын бақ.
Зеңбірегі қардай бораған,
Түрікпен түгіл, орысты
Алушы еді бізің жақ.
Қарсыласқан көп дұшпан
Қалушы еді ызыңдап.
Күні бұрын білгенде,
Аллалап атқа мінгенде,
Екі жүз елу жəуміттің
Бірі қалмай қырылмақ.
Есік – ойран, төр – талқан,
Ойран-асыр, жер тозаң,
Ер өлген күні бұзылмақ.
Алпыс екі жесірдің
Шулап даусы шыққанда,
Көкірегім – қайғы, көңіл – шер,
Ішім бір толды қызғындап.
Есіткен ерлер қайғырды
Жалындап іші күрсініп.
Жақсыдан болды құрғылық,
Жаманнан болды мұңшылық.
Көлденең жұрттың жаманы
Өз ішінен бұзылып,
Ойлағаны күншілік.
Біздің Адай баласы,
Ауылын жауға алдырып,
Көріп тұрмын кемшілік.
Дүние өтті талайдан,
Қапытұр қаза келгенде
Қала алар аман қалай жан?!
Дүниеге келген жандардың
Бəрі де кеткен, келсе ажал
Əп-сəтте дүние тарайған,
Көп өтіп дəурен, азайған.
Адыра қалған бұл қоныс
Ноғайлының біз түгіл,
Орағы менен Мамайдан.
Тоғыз ауыл шабылды
Толықсып жүрген Адайдан.
Підияға біткен жан,
Қатын-бала – қараорман
Еріксіз кетіп барады
Жау қолында қарайған...
Тілекті Тəңірім кесті деп,
Дұшпанның көңілі өсті деп,
Қамады пікір əр алуан.
Талқан да қылды елді деп,
Тірілей бізді көмді деп,
Күн болды деп бақ ауған;
Сындырып кетті белді деп,
Суалтып кетті көлді деп,
Қуартып кетті дөңді деп,
Мұндай қорлық көргенше,
Өлген артық енді деп! –
Аттарын мініп жараудан,
Доспамбет, Төлен бас болып,
Дұшпанымен қас болып;
Есқожа, Мəтен, Ықылас,
Қабыл батыр, Ер Əлмен,
Аман, Қали, Жəнеттей
Атақты ерлер талайдан –
Қала алар ма бас бағып,
Айырмай елін талаудан?!
Жеткеннен соң сұм хабар
Қырық жігіт аттанды
Қойсуы мен Қамаудан,
Алпыс екі тараудан.
Қуып шыққан қырық жігіт
Ат құйрығын сүздіріп,
Ту ұстап, тұлпар міндіріп.
Қатын-бала – қараорман –
Қалғандарға елдегі
Тірілей күдер үздіріп.
Біздің елдің пірлері
Бас қорыған жерлерде
Жатыр еді сызғырып.
Не қылғаның, Ер Бекет,
Біздің белді сындырып,
Дұшпанның көңілін тындырып?!
Еділді алды – елді алды,
Иен жылқыны – кенді алды,
Тоғанақты теңді алды,
Теңімді алса, нем қалды –
Туырлықты тілдіріп?!
Суалтты шалқар көлімді,
Турап кесіп желімді,
Ойран қылып төрімді,
Боз ордамды бүлдіріп.
Тілекті Тəңірім кесті деп,
Дұшпанның көңілі өсті деп,
Тұлымдымды тұл қылып,
Бұрымдымды күң қылып –
Қырық жігіт ұмтылды
Күзгі желдей ызғырып.
Манашының бойында:
«Ғұсыл – бізге сүннет» деп,
Қылышпен ұрып мұзды үгіп,
Қабыршақ мұзды сындырып:
«Шейіт болсақ егерде,
Кетпейік деп дəретсіз», –
Амалға тағат қылдырып,
Суға сүңгіп шығады,
Ғұсыл-сүннет алады,
Зəһарға бойын жудырып.
Шейіттік өлім тілеген
Тұра ма ерлер мүдіріп? –
Тарыққан ердің панасы –
Ер Бекеттің басына
Түнеді бір күн кідіріп.
Əулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Дұшпанын қуып жетіпті
Арада үш-төрт күн жүріп.
Ақ киіктей жорттырып
Енді ойласа, Ер Бекет
Дұшпанының алдына
Қойыпты жебе құрдырып!
Ұрыспай бұлар не қылсын,
Сегіз арыс Адайдың
Қасқа-жайсаң, қандысы,
Байбоз-Жамбоз, Көрпенің
Аты шыққан даңдысы,
Абыройлы жандысы?!
Көп жүрмеген жабының
Жолда қалды жалдысы.
Қара басын қамыттап,
Жау көрмеген жаманның
Үйде қалды малдысы.
Бізден кеткен аз кісі
Халықтың алған алғысын.
Дұшпанды қайдан жіберсін,
Ер шайқының қарғысы –
Пір Бекеттің шалғысы?!
Түп аталы жігіттің
Сапарынан сау келсе,
Неге керек арғысы?!
Жортулы ердің жолында,
Бəрі бірдей соңында.
Алпыс жесір тең жылай
Қорлық көрді соншама
Ит-дұшпанның қолында.
Жауды қуған қырық ер
Құланқақтың сыртынан
Жəуміттің көрді қарасын.
Көкмойнақты бауырлап,
Жақындатты арасын.
Қанменен жумай тыншыр ма
Дұшпанның салған жарасын?!
Арада үш-төрт күн жүріп
Қуып шыққан сол кісі
Толарсақтан саз кешіп,
Шыбындай жаннан баз кешіп
Енді қарап тұрмады:
«Құдайдан нəсіп бар», – десіп;
«Жесір жылап тұрғанда,
Неге керек жан?!» десіп;
Құланқақтың сыртында
Араласып түркпенмен
Соғыс етті əрнешік.
Жауды көзі көргесін,
Көп екенін білгесін,
Азын көпке санады-ай,
Бірін мыңға балады-ай.
Жауға тиді қырық жігіт
Аздығына қарамай.
Көрпедегі Доспамбет
Көп қайыңның ішінде
Дулығалы қарағай.
Сілтегенде қылышын –
Ойнағандай нажағай.
Ықыластың айқай даусынан
Дұшпанның қыры жығылып,
Атаңа нəлет көп жəуміт
Жан-жаққа қашты тырағай.
Табан тіреп тұра алмай,
Біріне мойын бұра алмай,
Төбеден Құдай ұрады-ай!
Əруақ қонған ерлерім
Дұшпанға салды бұлағай.
Аттанысқа барған ерлердің
Ал дегеннен «Аллалай»,
Ерлігі сол күн жарады-ай.
Ол ұрыспай не қылсын –
Ардақтап өскен ұл үшін,
Арулап сүйген қыз үшін;
Ел-жұртынан айырылып
Елсіз-күнсіз иенде
Еңіреген құрбы үшін,
Тарығып тұрған мұңды үшін!
Аттанған күні ерлерім:
«Садақа, – деді, – жанымыз –
Астана халық-жұрт үшін!»
Сол сапарда беріпті
Аллам қалап ерлерге
Орақ, Мамай, Қарасай,
Қобыланды, Нəрік, Ер Шора –
Кешегі ерлер үлгісін.
Үлгі демей не дейін,
Табандасқан тар жерде
Қай қазақта кім бар ед,
Сыбағаға бөлгенде
Он беске тиген – жүз кісің?!
Үлескенде бес кісіге – бір кісің?!
Мақтанса, біздің Адай мақтансын! –
Алып кеткен дұшпанның
Қалың дəулет – қара орман
Түсіріп қалды бұлдысын!
Ту көтерген түркпеннің
Қолдан алды жүлдісін –
Соғыс еткен аз кісің...
Сол соғыстың басшысы –
Көрпедегі Доспамбет,
Есенияз мергенім,
Ықылас пен Төлен-ді.
Естілгенде дабысы,
Таңырқатқан көп елді.
Айқайлап жауға шапқанда
Аш бөрідей атылды,
Қарсы келген дұшпанды
Шоқпармен жер қаптырып,
Найзамен түйреп ылақтырып,
Қанын судай шаптырып,
Білегін қанға баттырып;
Қоянды көрген тазыдай,
Жемтігін бүрген тағыдай
Кілең тұлпар ат мініп.
Көрпедегі Ер Əлмен
Астындағы қоңыр ат
Сұр жебедей аттырып!
Жақындап жауға келгенде,
Ақырып топқа енгенде,
Астына ақбоз ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген –
Он сегізде жасы бар,
Қыйылған қара қасы бар:
«Жеке ме, қазақ, жеке!» – деп,
Қолбасы батыр Оғылша
Майданға шықты төтелеп.
Жасқанатын Əлмен бе –
Қорықпады тайсалып,
Жеке шығып барады
Дұшпанға қарай бой салып,
Ұрды найза шекелеп.
Шөгермелі нəн түркпен
Түсіп қалды шөкелеп.
Ақ боз атын дұшпанның
Жүре берді жетелеп.
Егіз қоян шекелі,
Шекелігі екі елі
Еңіреп туған Ер Əлмен
Қарсы келген жəумітті
Аударып тастап өтеді.
Астындағы боз атты
Жетектеп алып кетеді.
Жетегінде батырдың
Ойнақтап кетіп баратыр
Секілді қырдың бөкені.
Төленді, Қабыл ерлерім,
Есенияз мергенім
Бір жағынан тиеді,
Қарт қырандай шүйеді.
Қаһарын ердің көргенсін,
Көжектей болып қалтырап,
Бұтына дұшпан сиеді!
Ай жағынан кіреді,
Күн жағынан шығады.
Бөліп тұрып қырады,
Бөлінген қойдай қылады.
Əруағы асты сол жерде
Ерлердің тарқап құмары,
Дұшпанның тарқап құралы!
Көрсетіп көңіл аласын,
Мұсылманның баласын
Бұйқұт шапқан дұшпанның
Тамұқтан болар тұрағы!
Есенияз мергенім –
Тəңірім қуат бергесін
Қарсыласқан жəумітті
Бауыздады тамақтан,
Қақ жүректен дəл атқан,
Қандары судай көп аққан.
Жанына зауал келгесін,
Қаһары Хақтың төнгесін
Астамсып келген дұшпанның
Шұбырды зəрі балақтан!
Аш бөрідей ұмтылып,
Тиді батыр жұлқынып,
Көңілден тарап наласы.
Екі білек қан болып,
Естіген жанға таң болып,
Жүрген де жері шаң болып,
Қайтарды кекті аласы.
Арғы атасын сұрасаң,
Матайдың Ботағарасы –
Адамның айтқан шамасы.
Бергі атасын сұрасаң –
Мырзабек пен Қожабек,
Қожабектің жаңғыз баласы.
Ерегескен дұшпанның
Жазылмайтын жарасы.
Қызғыштай қайран есіл ер
Жау қамаған елінің
Жел жақтағы панасы.
Есенияз мерген-ді,
Қайғыланбай қарсы алды
Өзіне Тəңір бергенді.
Сол соғыста ел үшін
Ерлерімнің шəйіттік
Қазасына кез келді.
Есенияз мергенім –
Шəйіттікке келгенде
Жоқ еді жалғыз кіреуі.
Кетпесін білдім көңілден,
Екеу болса, қалмай ма
Қазалы жанның біреуі?
Еңіреген есіл ер –
Артында жоқ-ты тіреуі.
Аллаға шүкір əлі де,
Есенияз мергеннен,
Əйтеуір, ұрпақ қалғаны.
Қарап тұрсам пенденің
Сол екен жалғыз арманы...
Ерге ылайқат болар ма
Дұшпанды көріп торыққан?!
Аз еді көпке жолыққан,
Бедеулері бектің зорыққан.
Құланқақтың сыртында
Айналдырған қырық жігіт
Кешке дейін соғысқан.
Хабар тимей қалғасын
Ешбір көмек болмады
Былайғы Мұңал, Тобыштан.
Шаһимардан əулие
Нашарларға болысқан.
Бір арманым сол болды –
Қырық мың үйге толажақ,
Əрбірі жүзге болажақ
Көлденең жатқан көп Адай
Хабарсыз қалды соғыстан.
Бедеуін термен бүлдірген
Желіккен күні Адайдан
Сейілхан сасып қорыққан.
Тастап қашып кетулі
Талай жайлы қоныстан.
Оғы қардай бораған,
Зеңбірегі бурадайын жараған
Талай саттық баланы
Еңсеген күні осы Адай
Түркпен түгіл, орыстан!..
Ертеңнен кешке соғысып,
Тастады жəуміт олжасын.
Жаным қалжа болар деп,
Қорғаумен болды өз басын.
Шаһимардан əулие
Нашарға жəрдем жолдасым –
Аз бен көбін тергей ме
Бір Алланың жазуы –
Өзі қаза болғасын?!
Атаңа нəлет көп жəуміт
Енді білді оңбасын,
Ойлағаны болмасын –
Азаматын қорғасын
Аттанғанын қуғасын.
Қайғыменен қан жұтты
Қайратынан тынғасын.
Ерлердің айбын-айбаты,
Қайтпайтын қаһар-қайраты
Кетіріп есін алғасын!
Біздің Адай баласы,
Өлгеніңе өкінбе,
Өлгенің шəйіт болғасын!..
Алуға əлі келмеді
Асыл қару, заттарын.
Түс қайтқанда болжады
Қырғыншылық тапқанын.
Өз көзімен көрді енді
Өз жанына батқанын –
Он екі жəуміт тең өліп
Текшелеулі жатқанын.
Сонда білді тапжылтпай
Ер шайқының атқанын!
Аңдамай басты қасқыйып
Пірлердің құрған қақпанын!
Қасқыйғаны емей немене,
Сол күні жəуміт бір тартты
Қияметтің мақшарын!
Көз көрмеген көлденең
Жабады істің жапсарын.
Көңілі саудың – көзі сау,
Ашады сөздің астарын.
Есінде көптің қалсын деп,
Əңгіме-кеңес бастадым.
Айызын елдің қандырып
Айтып та айтып тастадым.
Жастары ұлық қарттарым,
Өзімнен кіші жастарым,
Əне бір сондай іс болып,
Батырларым ел үшін
Қойдай қырып жəумітті
Қанын ұрттап татқанын!..
Біздің Адай баласы,
Өлгеніңе өкінбе,
Не көрмеген бастарың?!
Ата-баба істерін
Үлгі тұтып, сөз қылар
Кейінгі туған жастарың.
Қатем болса менің ғафу ет,
Сол сапарда жорықтан
Осы болды тапқаным...
Бурабайқұдық – шыңырау
Ноғайлының қазған құдығы.
Аз болған жоқ жəуміттің
Бізден тапқан қырғыны.
Сол жəуміттің қашқан жер,
Ақыл таппай сасқан жер,
Жауды қара басқан жер,
Абырайын ашқан жер,
Пір-шайқының атқан жер! –
Екі жүз елу жəуміттің
Қатарынан жатқан жер.
Есенияз батыр ішінде –
Адайдың кіл ақсұңқар
Шəйіттікті тапқан жер.
Осылардың ішінде
Көрпедегі Доспамбет,
Ықылас пен Төлен-ді,
Қабыл батыр – сол өлді.
Аса қайрат күш жұмсап,
Шыбын жанын пида етіп
Құрыметке бөленді.
Адайдан бес ақсұңқар
Қабыл етсе Құдайым,
Шейіттікке жөнелді.
Сегіз ұжмақ бір үйін
Мекен етер ол енді...
Қаза тауып көп дұшпан,
Талай ері тең өлді.
Ақыл таппай сенделді,
Көкіректері басылып,
Қара жерменен теңелді!..
Батыр болсаң сондай бол,
Жанынан жұда болғанша
Жалынбай жаумен қасарған.
Мирас еді шейіттік
Құсайын мен Хасаннан.
Естіген ерлер жаны ашып,
Көздеріне жас алған...
... Адай деген жұртымның
Хиуа еді базары.
Ат үстіне мінгесін
Үстіне келген дұшпаннан
Қайтқан жоқ еді назары.
Кейінгі қалған Адайға
Тасболат батыр, Тілеген –
Жетісті содан хабары.
Сол хабарды есітіп,
Екі жүз кісі қол болып,
Бəймембет, Тайлан бас болып,
Соғысынан соң қалып,
Қуып шықты жолданып.
Маяның ұлы Бəймембет
Ақыл айтты мол салып.
Атасы Əнет болғалы
Тұқымында бар еді
Арылмаған жорғалық.
Еткен ісі ерлердің
Дүнияға шықты болжанып.
Ел үшін қылған елеулі іс
Кейінгіге болды анық.
Олжалы ерлер қайтқанда,
Пірлерден медет айтқанда,
Бұрынғы өткен заманда
Қараменде ноғайдың
Ыссының шілгер күнінде
Қырық күн қазған шегендеп,
Бурабайқұдық – шыңырау
Жер ортасы сол екен.
Сайы самал татырмас
Қалықаның ойы екен.
Жайылған түйе таптырмас
Түлейінің түбіне;
Қол қыяққы сай болар
Кірпісінің бір-бір түгіне;
Кірпісінің бір-бір түктері
Адырнаға жақ болған,
Айыр өркеш, қалың жон
Келелі түйе айдаған,
Тақымы тақтан таймаған,
Арғы Үргеніштен алты жыл
Асып келіп жайлаған
Алтын ханның жері екен.
Тұғайты деген тау болар,
Тауларының биігін
Туды-бітті адам көрмеген,
Көлденең жатқан өр екен.
Қыраны менен құланы,
Аң патшасы арыстан,
Жиылып аңның дүйімі,
Аюлар өрген дөң екен.
Қашаннан солар жайлаған
Қайғыға батқан шөл екен.
Ер Қосайдың ақтығы
Есенғұлдың Есегі
Жолбарыс, қабылан қамаса
Сескенбеген жүрегі
Шын ерліктің иесі еді.
Жезтырнақ пен таутайлақ
Екеуін бірдей өлтіріп,
Ерлікке шыққан мекені.
Қашаннан солай жатқан жер,
Қанжығам қанға батқан жер.
Аққан судай жол болар
Қабағынан аттың аққан тер.
Екі жүз елу жəуміттің
Əр тарапқа қашқан жер,
Ер Бекеттің атқан жер!
Мына біздің ерлердің
Қызығына батқан жер!
Күні бүгін болғанда
Көп сөйлетіп, халқым, қайтесің,
Көкірегім қайнап тапқан шер!..
«Шапты деп түркпен елімді,
Аламын деп кегімді,
Жəуміт көзін салды деп,
Ат құйрығын шалды» деп;
Əулиеге сиынып,
Шайқылар тəмам жиылып,
Тегін аяқ, тел жүріс
Тентектер іштен тыйылып.
Тататұғын тұз-нəсіп
Əркімге сонан бұйырып;
Бабық Мыңбай бас болып,
Дұшпанымен қас болып,
Іріктелген ерлерден
Екі жүз кісі қол болып,
Оңғарса Алла жол болып,
Самның шеті – Жарғұдық,
Тағы да барды жиылып.
Еңкеуден бергі Сарыарқа
Елдің аса көшкен жер
Қарасай мен Шиланды –
Мұны естіген ерлерім
Баруға тағы ұйғарды,
Пір тұтып он екі имамды.
Одан бергі заманда
Бес ақсұңқар бас қосқан,
Ол да кеңес-мейрам-ды.
Сол кісінің ішінде
Кімдер бар да кімдер жоқ –
Еркек құлан қабақты,
Жас жолбарыс сипатты,
Дұшпанды жерде қайратты,
Арыстандай жұлқынған
Шабайдың ұлы Сүгір бар,
Қашаннан сондай дүбір бар.
Жазығы Құнанорыс демесең,
Сегіз арыс Адайда
Онан өтер кімің бар?!
Алдына пенде түсер ме –
Амантұрлы, Қожалақ?!
Аңдыған дұшпан қоралап,
Ауыр əскер қол келсе,
Қара аласын сабалап,
Алыстан шабад «ұр-а-лап!»
Əрбірі сол ерлердің
Мың кісіге болажақ!
Əбілғазы, Көтібар,
Мыңбай, Əлмен, Досы бар.
Аттанған күні ерлердің
Жолдасы еді осылар.
Əбілғазы батырың
Еңіреген ер еді –
Беренге сыймай ісінген.
Көрсетіп қайрат-зайырын,
Қарауылын жаудың түсірген.
Амантұрлы батырдың
Атасы шайқы Ер Бекет
Аян берді түсінде:
«Оңбас, – деп, – балам, ісің де! –
Түркпеннің пірі Ысмамыт,
Жыға алмадым алысып –
Қабыл болмайд тобаңыз.
Жəрдем бермейд бұл жолы
Бекет сынды бабаңыз!
Бұл жолы, балам, ісінбе!..»
Айтқан тілін алмады,
Аттанған қолдан қалмады.
Ер қабыландай балақ пішімде,
Аңдаусыз болып кетіпті
Амалсыз зордың күшінде.
Елден кетті шалғайлап,
Желбіретіп ту байлап,
Желіктіріп ат сайлап,
Бөтен жерге маңдайлап.
Қандарсоқ – тарау жолменен,
«Дəугескенді» жағыдайлап.
Бармайтұғын жері екен,
Барған екен Алла айдап.
Күркіреуік атаға
Жорықшыны келтірді
Бес күн жүріп Тəңір айдап.
«Шарқырауық» судың басында
Ыбырайым атаның
Көріп өтті мұқамын
Зиратына ерлерім
Жаңғыз өркеш нар байлап.
Тілеп ерлер сапарын,
Бұзбай тиді қатарын,
Сатырлап қару-жарағы.
«Дəугескеннің» түбінде
Қарша мылтық борады.
Атадан туған əруақты ер
Шепке жалғыз барады.
Амантұрлы батырдың
Ат үстіне мінгелі
Ер еді шыққан дабысы.
Екі талай жерлерде
Кетпеген қолдан намысы.
Қысқа күнде қырық шапқан
Қаршыға құстай шабысы –
Арқасы құтсыз болды ма
Айбынды туған ерімнің
Таңдап мінген тағысы?!
Түтеп тұрған қамалға
Жауар бұлттай күркіреп
Үшінші ірет кіргенде,
Қазасына тап болды
Сарттың қазған жабысы.
Қылап болды, ал мынау
Шепте жалғыз қалысы.
Бір қайрылып барарға,
Ат сауырын саларға
Жоқ па еді оның сол күнде
Тамыры мен танысы?!
Амантұрлы батырдың
Ағайыны жоқ екен
Ат құйрығын саларға,
Сүйегіне барарға. –
Амандық күнде серттескен
Ақыреттік дос үшін
Шабайдың ұлы Ер Сүгір
Шаппады десем, нанар ма?!
Шапқанымен не болсын,
Бір Құдайдың өзінен
Тура келген ажалға?!
«Бергей, – деп, – Алла тілекті!» –
Тоқтатып алып жүректі,
Жаралы болып үш жерден
Ұран салып ақырып
Үшке дейін ұрынды
Түтеп тұрған қамалға!
Қарсыласып батырың
Тауысты сонда амалды.
Қияметтік дос үшін
Шабайдың ұлы Ер Сүгір
Басын салды базарға.
Ақырына қарасам,
Жалпы көптің бəрі үшін
Мұндай болып бұйырып
Шəйіттік қайдан табылсын?!
Шүкелескен күндерде
Сүргінге кетер ұл үшін,
Қара қазан қамы үшін,
Талауда кеткен жан үшін,
Бодауда кеткен ар үшін,
Ел үшін туған есіл ер,
Жықпай өлген намысын!
Қадир Алла жар болып,
Əзіреті Мəулімнен
Шындық-пірлік бар болып,
Қызыр-Ілияс бас болып,
Ғайып-Ерен – қырық шілтен
Қатарында пар болып
Көп үшін туған арысым,
Қағбаның жүзіне
Сапарға кеткен қажысың!..
Пір ақтығы қайран ер –
Дəл жүректен оқ тиіп,
Ордан болды жазымы.
Қазасына тап болды
Сарттың қазған қазуы.
Айтқанменен не пайда,
Алланың сөзі – хақ кəлəм,
Осылай-дағы жазуы.
Мен – Жаманадай Нұрымың,
Баяндадым бəйіт етіп,
Кəлəмоллам оқыған
Тие берсін ерлерге –
Бағыштап Құран – «Ағузы»...


Түсінік.


Нұрым Шыршығұлұлы «Тоғыз ауыл». Тарихи дастан. 1853 жылы Хиуаның ханы жасанған қол жіберіп, Маңғыстауды қоныстанған Бəйімбеттің Сүгірəлісі Құрман, Таған атты байларының бейқам отырған тоғыз ауылын шауып, ер адамдарын өлтіріп, əйел, бала-шағаларын, малдарын алдарына салып айдап кетеді.

Бұл хабар көрші отырған Жандайдың Көрпе, Байбоз, Жамбоз ауылдарына суыт жетіп, олар
көп қол жинауға уақыт тығыз болып, маңдағы жақын отырған ауылдардан қолына қару ұстауға жарайтын, өзіне-өзі сенген ер көңілді қырық шақты адаммен жау соңынан тұра қуады.

Қуғыншылар саны неше есе басым, қаруы мол қамданып келген жауды қуып жетіп ұрыс салады, орасан қырғын таптырады. Жау қолында кіріптар болып бара жатқан жесір мен малды айырып қалады.
Осы қанды оқиғаны жыр қылып ұрпаққа қалдыру үшін Абыл ақын Маңғыстауды аралап жүрген Нұрымға тілек етеді.

Ұстазының тілегін жерге тастамай Нұрым ұрыс туралы
деректерді жинап, осы дастанды шығарады. Бұл хабар елге
тарап, елдің ақсақал, билері ел тағдыры, ұрпақ тəрбиесі жөнінде орыны өлшеусіз өтміш оқиға туралы жыр-дастан шығарушыларға бəйгі жарияланады.

Бірнеше ақын сөз шығарады. Бас бəйгі – арғымақ ат пен ала тон Нұрымға бұйырады.
Нұрым жырлары алғаш М.Бекмұхамбетұлының «Жақсы үгіт» (Қазан, 1908) жəне «Аламан» (Ташкент, 1926) жинақтарында жарық көрді. Кейін өлеңдері «Ақберен» (1972);
«Өсиетнама» (1982); «Бес ғасыр жырлайды« (1985–89);
«ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985); «Абыл, Нұрым, Ақтаным…» (1997) атты жинақтарға енген.




Пікір жазу