Поэмалар ✍️
Ескендір
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары – оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Филипп өлді, Ескендір патша болды,
Жасы əрең жиырма бірге толды.
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.
Жазасыз жақын жердің бəрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бəрін де бодам2 қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.
Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
2 Бодам, бодан – орыстың «поданный» деген сөзінен шыққан.
(1845 1904)
Сол күнде қошеметші айтады екен,
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.
Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті.
Есепсіз əскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
Алдынан шыға алмады ешкім мұның,
Бəрін де алды, қорқытты жолдағының.
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,
Жер жүзін жеке билеп алмақшының.
Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бəрін ішті.
Адам, хайуан бəрі де бірдей шөлдеп,
Басына Құдай салды қиын істі.
Сандалды сар далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?
Қызметкердің бəрін де өлтірмекші
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.
Мысалы, астындағы ат о дағы ұшты,
Ескендір де атының жалын құшты.
Жалтырап сəуле берген бір нəрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.
Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Түсе сала Ескендір басты қойды,
Ішсе, суы өзгеше, тəтті тым-ақ.
Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,
Сол суға балықты алды бір жудырып.
Исі, дəмі өзгеше болып кетті,
Таң қалды мұның бəрін суға жорып.
Ескендір қолына айтты: «Бұл неткен су?
Бəрің де ішіп, бұл суға бетіңді жу!
Бір бай елден осы су шыққан шығар,
Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.
Бұл салқын, тəтті суға қаныңыздар,
Шақ келер маған жан жоқ наныңыздар.
Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,
Талқан қылып шаһарын алыңыздар!».
Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей,
Шаһарына жеткенше дамыл көрмей.
Көкпеңбек темір киген өңкей батыр
Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.
Сол əскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тəуір-ақ амал қылды.
Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,
Келмей ме тоқтаусыздың бəрі даңғой?
Дел-сал болып бəрі де қайта шықты,
Алысып əл келмесін байқаған ғой.
Долдықпен хан Ескендір ашуланды,
Ашуланып қақпаға жетіп барды.
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
– Қақпаны аш! – деп барынша айғай салды.
Қақпаның ар жағынан біреу келді,
Күзетшісі сол екен, дыбыс берді.
– Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,
Бұл – Құдайға бастайтын қақпа, – деді.
– Білмесең, мен Ескендір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бəрін жеңген.
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,
Қорлығым өзім тауып, көз көрмеген.
– Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нəпсіңді жең!
Іші тар, көре алмастың біреуі – сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.
– Талпынған талаппенен мен де бір ер,
Көп жүрдім, кездей келді көрмеген жер.
Ең болмаса, халқыма көрсетейін,
Сый қылып, белгі болар бір нəрсе бер.
Қақпадан лақтырды бір орамал,
Сыйым – осы, падиша, мынаны ал!
Ішінде бір нəрсе бар ақыл берер,
Апар дағы ойланып, көзіңді сал!
Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта салды.
Қараса, ішінде бір қу сүйек,
Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.
Ашуланып, сыйына болды кекті,
– Ең болмаса білмеді сый бермекті.
– Осы менің теңім бе? – деп ақырып,
Лақтырып жіберді сол сүйекті.
Жолдасы Аристотель ақылы мол,
Лақтырған сүйекті алады сол.
Ханға айтты: «Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол».
Сол күнде Аристотель жеке дара,
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара:
– Таразыны əпкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!
Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,
Таразыны құрдыртып, ортаға алды.
Қанша алтынды күміс пен салса дағы,
Бір кішкентай сүйекті аудармады.
Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды,
Бар қаруын алтынға қоса салды.
Енді қайтер екен деп қарап еді,
Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.
Аристотель хəкімге патша келді:
– Мына сүйек қазынаның бəрін жеңді.
Бұл сүйекті басарлық, нəрсе бар ма?
Ақылыңмен ойланып тапшы! – деді.
Хəкім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
Ескендір мұны көріп аз тұрады,
Хəкімді аулақ жерге шақырады.
– Таңғаларлық іс болды мұның өзі,
Мəнісін айтып берші, – деп сұрады.
– Бұл – адам көз сүйегі, – деді ханға.
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.
Кəпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.
Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.
Сый сұрадың, бергені – бір қу сүйек,
Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.
Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл əңгіме,
Мұны бір өзге сөздің бірі деме.
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас көзің толар деп қайғы жеме.
Қу өмір жолдас болмас, əлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан Құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!
Абай Құнанбайұлы.
«Ескендір». Жазылған жылы белгісіз. Ұлы ақын Ескендір жайындағы аңызды əйгілі классик
ақын Низамидің «Ескендірнамасынан» алған деген деректер
бар. Поэма əрқайсысы төрт тармақты 42 шумақтан тұрады.
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген
«Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» деген жинақта жарияланған