27.05.2022
  102


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Жылылығың - ұлылығың

Бағзы баба рухы
Сізді тергей ме,
Жоқтамадың, –
деп, – лайықты деңгейде?
Сонау алаш арыстарын
сағынып,
Оңашада
ойға шомам мен кейде.
Ғажап еді
арыстардың дәрісі,
Қазақ қамын
күйттеп өткен әр ісі.
Азды ұрпақ
Абылайдың түсіндей,
Сағынайдың асындай боп
мәнісі.
Кеңестерді ұнататын
келелі,
Көкке ұзап кетті жандар
өрелі.
Түнгі аспанға
телмірмейді Алматы,
Қолдан жұлдыз жасау оңай
себебі!
Сағынғанда оларды
Сарқылам бар төзімнен,
Бағынғанда наданға
Жиіркенемін өзімнен.
Ағылғанда жыр-дария,
Болар бар сыр жария
Түнімдегі –
Мезеті жоқ көз ілген.
Ми ашиды:
Ұрпақ неге азыпты?
Тұлпар неге
шыр айналды қазықты?
Дария бойлап
қармағы жоқ ғаріп жүр,
Онда қармақ жоғына кім жазықты?
Қамап алар
осы тектес сауалдар
Қастан бетер қажытты.
Дарияның арғы жағы – алыс-ты,
Бергі жақта
жаға кезген балықшы.
О, бауырмал балықшы,
Артықшылығыңды дәріпте,
Қармақ берші
аштық қысқан ғаріпке.
О, мейірімді балықшы,
Сазаныңмен тойындырып,
Қазаныңның
жылылығын дарытшы...
Қазағымның
ұлылығын танытшы!





Пікір жазу