27.05.2022
171
Жақсы аға
Сізге ұқсау... –
әркімге-ақ арман демен,
Ұқсас шықса –
соңғысын жалған көрем.
Бар ойыңыз
қуану болды бізбен,
Мен осыны ойладым
арнарда өлең.
Өлең оты
өртеді неше мені,
Сізді қиял әлемі
жетеледі.
Қызықтырды
Ұлт көгі жұлдыз толы,
Қыр-жотасы
жусанды-бетегелі.
Шаршағанда сыр шертем
сізге келіп,
Жылы лебіздер кетеді
тізбеленіп.
Мұндай сәтте
қиялға ерік беріп,
Жүз жаңарып үлгерем,
жүз көнеріп.
Қиял қуса
не кешпес өзекті жан,
Түн шегінсе
атады кезекті таң.
Жан-дүнием түңілсе,
нұрын төгер
Сіз секілді жан барын
медет тұтам.