Ғұмыр мәні
Өмір желі өте суық,
өкпекті,
Содан өзін
құртып алды көп текті.
...Пенделіктің иіріміне үңіліп,
Бір ойымды
алға тартқым кеп кетті.
Түсім еді деп сендірдім
мұнымды,
(Түсінген жан –
түс емесін ұғынды).
Бірде аппақ періштеге
айналдым.
...Енді азырақ ашайыншы
сырымды:
Түсім еді...
Қарамастан әліме,
Барып қаппын
періштелер еліне..
Сол арада
жолықтырдым бір пенде,
Қабілетті екен ол да
бәріне.
Әдетім жоқ
әлсіздерді табалар,
Әр адамның
жанына сай баға бар.
Соныменен...
Қажет болса, сол пенде
Уақытша
періште де бола алар.
Түсім еді...
Түсін, мейлің, түсінбе,
Улы жылан
ысылдаған ішінде
Әлгің менен
өш алғысы келгені
Пенделігін білгендігім
үшін де.
Перде киген
“аз ұйықтар да, көп жортар”
“Өзің үшін –
өгейге қол созып қал!”
Өңім болса,
таң қалмас ем мұндайға.
Түсім еді...
Түсте қандай жазық бар?
“Ақ қанатты періштелер
қасымда,
Аппақ-аппақ армандар бар
басымда.
Ауыздарды талғамайтын ақылдар
айтылмайтын,
Дұшпан да жоқ,
досың да...”
Өзгертпейтін
бет-бейнесін қашанғы –
Өлмес өнер!
Сенен алыс жасанды.
Қайран дарын,
құрбаны боп пайданың,
Маған қарсы
бар әрекет жасалды.
Қалам алды –
жыр жазбақ боп бір мезет,
Шешенсіді –
шаршы топта тіл безеп.
Батырсынып ұмтылғанда –
соққы алды,
Сол соққы ғой, –
жерде жүрген күнде жеп.
Енді қалай аямассың
сен оны,
Өлді қанша,
әлі қанша өледі?!
Пендеге тән
әлсіз сезім иектеп,
Кейде рас,
аялағың келеді...
Айтатын жайт әлі де көп,
Дегенмен,
Бәрін қалай сыйғызарсың
өлеңге.
Көп періште
мұнша аңғал болар ма?!
Жалғыз пенде
мұнша айлалы болар ма?!
Оралуға мәжбүр болдым
төменге.
Түсімде ұштым.
Жазаландым.
Тоналдым.
Төменде де
ол бастаған топ алдын.
Пенделіктер барлығына жетеді,
Бұл да болса –
бақыты ғой олардың.
Білмей-ақ қой,
өңімдегі халімді,
Түс қой бәрі...
Жастық жасқа малынды.
Періштелер мұнда да бар –
санаулы-ақ,
Шарасы жоқ,
қанша ұққанмен жаныңды.
Түс те бітті.
Басталды өмір жердегі.
Тістеніп ем,
тіл икемге көнбеді.
Тапқан пайдам
қанатсызға қосылып –
Осы ғана мендегі.
Сен де менше –
қарамастан әліңе,
Түс көріп шық...
Барма бірақ әріге...
Сол түсіме арбалғаным
соншалық
Тәтті сезім тербетеді әлі де.
Жыр жазайын
жатып алып қосымда,
Түсінуге ауыр тисе –
шошынба.
Тазалықпен туыс көрсең
өзіңді –
Ғұмырыңның мәнділігі
осында.