27.05.2022
134
Жырымды желге тыңдаттым
Құлықсыз құлақ құмға атып,
Құлазып, қалғам түн қатып.
Жынды кісіше жұбандым
Жырымды желге тыңдатып.
Аспансыз қалмас Ай-әнім,
Жанымды қайда қоямын.
Немкеттіге назар сап,
Жек көре беріп... Аядым.
Өртене сүйіп өз елін,
Ерте өлгендердің көзі едім.
Сыртымнан пішер тоныңды
Сыртыңнан-ақ сеземін.
Шетінеп кетсең, өлеңім,
Шектеусіз азап – шегерім.
Шерленген жүрек шеменін
Сен емдерсің деп сенемін.
Жеткізуге оны өзгерек,
Жетеді менде сөз-дерек.
Уақыттан әттең, ұяттау –
Естісінуге езбелеп.
Жырымды желге тыңдатып,
Тентіреп келем түн қатып.
Сезінем ғажап – жүргендей
Күллі ғаламды жырлатып,
Мұңлы жанарды құрғатып.