27.05.2022
  167


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Өз қалпыңнан өзгерме

Түк те емес
топта сөз бермеу,
Тірлікті қиын безбендеу.
Өмірлік мұңға айналды –
Өз қалпымнан өзгермеу.
Талайды көргем тілді,
ойлы,
Жанары сүйген түнгі Айды.
“Өзгерме” деп ем –
ит болды,
“Енді адам ...” десем,
қыңбайды.
Ескертпек едім соларды,
Бос емес екен топ алды.
Бақытты болғам бір кезде,
Бүгінде ол сәт жоғалды.
...Мәңгіліктегі мекенге,
Мәңгіріп басың кетерде –
Айналайын, адамзат,
Аңқаусисың бекерге.
Талабың болмай тіл алғыш,
Тындырам деме құнарлы іс.
Баянсыздығын ерте айтқан,
Бақытым, саған мың алғыс.
Сан рет ойдың салмағын,
Көтере алмай қарға адым,
Жырымды мұңға жалғадым,
...Өзіңде қалды бар үміт –
Өзгермей келген арманым.
Тұрағың арғы беттегі,
Өткелі жоқ боп – өкпелі.
Жербетілік жалғызым,
Жоғалтып алма тек мені ...
Жоғалтып алма тек мені!





Пікір жазу