26.05.2022
  103


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Шыңдар

Шыңдар, шыңдар –
ақ басына күй сіңген,
Шарықтауда шаттық барын
түйсінгем.
Перзентіне
пейілді емес Табиғат,
Бірақ сенің
асқақтық бар кейпіңде –
Бәрі маған ұқсап тусын
дейсің бе?!
...Кешір, күнім,
келіп Көкпен теңескім,
Орманына еніп кетсем
елестің...
Оңашама ортақ болма,
мұндайда,
Мен ешкімді
қажетсінген емеспін,
Оған бола
жазғыра алмас мені ешкім.
Жанар ғой ол –
биіктікке арбалар,
Тұра бермей
жүрегіңнен жолдама ал.
Армандаудан жалыққан ба
адамдар,
Табылады көзқарастар
таңданар –
Заңғарларды
қомсынатындар да бар.
Жетер енді,
сылдыр сөзде сыналдық,
Құдайсынып қыжыртқанша –
Құранды ұқ.
Шыңым менің,
арманыңды ұққанша
Сергелдеңге салшы біраз
мұнар ғып,
Сезім сыйлап –
қызғануға тұрарлық.
Шыңдар, шыңдар –
ақ басына күй сіңген,
Шаттық бар да мұң боларын
түйсінгем.
Перзентіңе
пейілді емес мына өмір.
Сенің де бір жабырқау бар
кейпіңде –
Маған неге ұқсамайсың
дейсің бе?..





Пікір жазу