26.05.2022
  126


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Аязды арман

Аяз құшқан ар иесi
алаңдатып,
Дiрдектеймiн –
ызғары маған батып.
Ертеңiмдi еншiлеп екпiндейдi –
Екi ой:
“Адам-Қасiрет”,
“Адам-Бақыт”.
Ақтарылар түрi жоқ
жақында олар,
Құпияларды ұғуға
Ақылға бар.
Сәл тайдырсаң көзiмдi...
(тайдырмашы!)
Шайпау сөздiң иесi
шақырып алар.
Аязды жан,
өрнегiң көркем неге?!
Мұздақтарда,
дауылда көрсемде не?..
(Болған екен болар iс,
мөлтеңдеме!)
Адасқым-ақ келiп жүр
өзiңе ұқсап –
Жанға ұқсамай жетуге
сол көмбеге.
Жүрiс керi кеткенмен
бiр iс тынар,
Шырғалаңда
шыдауға тырыссын Ар.
Өзi арқылы өзгенi тану үшiн,
Ертеңiне ерiнбей бару үшiн,
Адасқан да армандап –
Дұрыс шығар.
Дәлелденер дауасы
жөнге көнсең,
Қаншалықты тиiмдi
мендегi өлшем.
Бiр құдiрет сезiнем –
өзi үсiп, аялаған арманын –
пенде көрсем.
Қаңтар ойдан
қатырсам көзiмде мұң,
Аңғартқаным емес бұл
төзiм кемiн.
Сақтау керек соларды,
Менi қойшы, –
Жылытармын жыр арнап
өзiмдi-өзiм.





Пікір жазу