26.05.2022
139
Бала махаббат
Бақыт тағы ілінбеді қармаққа,
Бағыттадық кемемізді әр жаққа.
Күдер үздім.
Қайтып маған, Махаббат!
Аласұртар
ащы уыңды талматпа.
Қош бол, жаным,
кездеспейміз енді біз.
Жүрегіме салып кеттің теңбіл із.
Жасыл бағым
бір-ақ күнде сарғайды,
Амал қанша, көктем де өтті,
келді күз.
Қалай өмір сүрем десең
еркіңде,
Алаңдатпас азабың да,
дертің де.
Өзіңді ойлап,
мазам қашып, ұйқысыз,
Жұлдыз санап
отырмаспын мен түнде.
Жанарыңды
қайғы-тұман торласа,
Жабырқатпас
бұрынғыдай ол да аса.
...Оқта-текте альбомдағы бейнеңе
Сәл тұнжырап
қарайтыным болмаса...