26.05.2022
  182


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Түс

Түсімде –
Көңіл сүймеген
Кездесіп небір бейнемен,
Жорудың таппай жобасын
Жабырқап қалам кейде мен.
Түсінгін, мейлің, түсінбе,
Түс көргіштігім үшін бе –
Өңімде күліп келген жыр
Күйдіріп шығар түсімде.
Тон пішу деме күн бұрын,
Түсіме еніп жүр бүгін –
Айырылмастай ағайын
Атажау санап бір-бірін.
Үлкейіп кетсе шап-шағын,
Қалқам-ау, кінә тақпағын.
Түсіме еніп жүр бүгін –
Қап-қара болып аппағым.
Қара үзіп қамсыз қалпымнан,
Қияға мен де талпынғам.
Ыдырай берді түсімде
Төбешік болып тау-тұлғам.
Түртті ме жанның жарасын,
Бұзылды-ау сәтке қарасың.
Өлшеймін сосын оянып
Өң менен түстің арасын.
Торына Түстің түстің бе,
Көмегі болмас түктің де.
...Азапты ойдың үстінде
Жабырқап қалсам кейде мен,
Тіксінбе, қалқам, тіксінбе.





Пікір жазу