26.05.2022
  99


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Менің айыбым

Есіркесін,
теріс десін мені кім,
Бір шумаққа
он кінәрат телідім.
Өлеңімді
бөлшектеймін осылай,
Бөлшектенбес үшін кейде
сенімім.
...Көп былықтың –
болғаны емес көлемді, –
Қинады оны –
(Cен, қосылмай көр, енді)
Мұңдандыра алмағаны әлемді.
Мұңайды ол, –.
...Мен де жырттым өлеңді.
Аулақ бұдан
қай ғасырдың тұрағы,
Қай ғасырдың
арналмайды жыр, әні.
Жауыз келсе –
тіл табысып қоғаммен,
Бауыр келсе –
қоғам қарсы шығады.
Ақын соны тұншықтырып
жырменен,
Батыр үшін күнде майдан,
дүрбелең.
Үрейіңді ұшырардай үнсіздік –
Тыным таппай жатсын мейлі
тіл деген.
Олқы тұстар
ойдағымен көбейсін,
Жоқтың орнын
барың салсаң – төлейсің.
Асағанды ардақтаса сол қоғам –
Арланғанды айыптады,
Не дейсің?
Өзің ұқшы
өзгесінің байыбын,
Көзі бардың көргені – түн,
айы – мұң.
Мұңсыз әлем мінезіне
таң қалып,
Мінсіз өлең жазылмады –
Айыбым.





Пікір жазу