О, махаббат
О, махаббат, жазала!
Саған жаным шын асық
Аялдайын жағаңа
Өзім жайлы сыр ашып.
Сезім тапсын бақытын
Өзгелерге ұласып.
Ғашық болу, – шынында,
Ақындыққа сұрану.
Болған еді бұрында
Жандай сүйген бір ару...
(Өкінсем бе мен бұған,
Керек пе әлде қуану?..)
Сол сезімнің – жолы ауыр,
Соңы есте,
басы ұмыт.
Жетілмеген сана бұл,
Қайтем бірақ, жасырып.
Менен жыршы жасап ап,
Ұзай берген жанымнан.
Шөліркеймін қаталап
Кездерімде сағынған.
Жаз сезімді алғашқы
Айлар жылжып, қар басты.
...Махаббат деп аталған
Кәусар әндер алмасты –
Мұңайтуға бәрі ұста.
Одан әрі жалғасты
Туған елге, ғарышқа...
О, махаббат, жеңілме,
Сен тірісің, тірісің!
Қанша ақын бар өмірде
Барлығының Пірісің.
Сені сүйген – өлмесін,
Сенбегендер құрысын.
Шипа болар дертің де
Гүлдеу үшін ой бағы.
Парасаттың еркінде
Бұла сезім бойдағы.
Өркендедім өлеңде
Өртті жүрек қоймады.