Ауруханада
Ауруханада. Белгілі...
Ауырғандар біледі –
Өзге әлемнің кеңдігі
Өзегіңді тіледі.
“Жедел жәрдем” ап келді,
Жолықпасаң өлімге, –
Парақтап өмір-дәптерді
Сараптайсың бәрін де.
Жауап іздеп жалғаннан
Мазаңды алар сұрақ бұл:
“Кеше бірге болғаннан
Жанашыр – кім?
Жырақ – кім?”
Ботамды аман көрсем деп?
Бір тыншымас кісі еді, –
Елде қалған кемсеңдеп
Анаң еске түседі.
Ұлын шексіз сағынып,
Бозаратын реңі.
Елде жүрген жабығып
Әкең түске кіреді.
Ғашық болсаң езіліп,
Оқасы жоқ, жылап ал.
Сүйгендердің сезімі
Осы шақта сыналар.
Бол жай пенде, бол Ұлы,
Дерт алдында бірдейсің.
Дос-жаранның көңілін
Осындайда іздейсің.
Жанарыңа толар мұң,
Жүрек ақтап, сенбейді.
Бірақ бірін олардың
Кінәлағың келмейді.
Сендей, сірә, көп пе адам,
Әлде сен бе, көп тілер.
...Әлдекімді жоқтаған
Сырттан әуен естілер.
Жайлап тұрып орныңнан
Терезені ашасың...
Сырнайлы топ сән құрған,
Көңілді алып қашасың.
Көшедегі көктеме
Сәттік әсер сыйлайды.
Өлімге емес, өкпеге
Қиятындар –
Қинайды.
“Көңілге үн қоссаңшы,
Кешіп біттім бір күйді!..”
Үзіліп түскен қос тамшы
Төмен қарай сырғиды.
Еркелегің келеді,
Ерініңе шоқ тамар.
Терезеден енеді
Салқын ойлар, саф самал...