26.05.2022
  186


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Шопыр бауырға

Күрт көбейiп жаназа,
қонақасы,
Жиi келер жер болды
мола қасы.
Барлық жолдың
бақиға апаратын
Атақтысы бүгiнде –
жол апаты!
Терiс iске кей пенде
текке елiктер,
Төрден оған орын жоқ –
тексерiп көр.
Ұшақша ұшып –
ажалға құшақ ашар,
Тасып аққан тас жолда
көп көлiктер.
Келешектен осы шақ
сый күткендi,
Ентелейдi елемей
күйкi iстердi.
Қия жолда
бiр таныс қыршын кетiп,
Бiр досымның аяғы
гипстелдi.
Кiмге аяусыз
тырнағын өлiм салса,
Сол сезедi
тұрарын өмiр қанша.
Темiр тұлпар жүйткiген
Қас-қағымда
Ұқсап тынар табытқа –
темiр қаңқа!
Серт берсең де мың жерден
шошымасқа,
Селк етерсiң
айналса осы расқа:
Доңғалақтан
дүние дөңгеленiп,
Қол-аяқтан ажырап
басы жатса!
Жыр жазғаның жұбатпас,
күн кешкенiң,
Не астында қалғаның
гүлдестенiң!
Қуанышты
көңiлден сырып тастар,
Құлыптас боп қарсы алса
бiрге өскенiң.
Сенiң тас жол, үрейлi
сұрың, кейпiң,
Сен осылай
өмiрдi тiлiмдейсiң.
– Пәлекеттен сақта! –деп,
– таңмен бiрге
Кейуаналар боп алды
күбiрлейтiн!
Шопыр бауыр,
ие бол рөлiңе,
Жылжы алға
жолыңа гүл егiле.
Ақсын өмiр ағысы
әр күн сайын
Кейуананың қосылып
тiлегiне.





Пікір жазу