Әрі-сері шақ
Аста төк боп өсегi мен
күңкiлi,
Алға озып өңешi мен
құлқыны,
Ауыс-күйiс боп жатқанда
адамда
Астанаға жолым түстi
бiр күнi.
Күн туар деп
қуантатын қоғам күрт,
Соңғы үмiтiн
сүйеп қойған оған жұрт.
Сондай шақта
құстай ұшып келген ем,
Ұя iздей бастадым мен
қонарлық.
Болмағанын тiлемегем
жолымның,
“Арқада қыс ...”
Тоңдым аздап.
Қорындым.
Бiр дос үнсiз мұңаяды –
үйi жоқ,
Бiрi тiзiмiн толқып шолар
“Дарынның”.
Қажет едi атағы һәм
ақшасы,
Гүлдемеудi бiлмеу үшiн
бақшасы.
Кәрi құлға
ұқсамауға болмайтын,
Бәрi пұлға кеп тiрелген
шақта осы.
... Алды-артыңнан –
тек Арқада тұрағы,
Аязды жел,
желдi аяз ұрады.
Баспанасыз қазақ салар
сызды әннiң,
Бастамасы
жүрегiңде тұнады.
Ел едік-ау шежірелі,
мұралы,
Ұрпағының
тұнжыраулы түрі әні...
Бірі халқын Астананың
сөз етті,
Бірі Алматы жаңалығын
сұрады.
Алматы ма?..
Онда да үстем бір атақ,
Әсем көркін
сол көрініс тұр отап.
Сосын өзін
тастап кетті Индира,
Ақтауына
кетіп қалды Рақат.
Жүйрік атын
қор қылатын кіреге,
Жоқшылықты
жауыңа да тілеме.
“...Маңдайыңа қонбаса, әлде,
мемсыйлық,
Шалғайыңнан
шәуіл кетпей жүре ме?!”
Болашағы бас тартпаса
мұнардан,
Екi достан жырақтайды-ау
бiр арман,
Ендi шыға қояр ма екен
бұлардан,
Елуiнде елу кiтап шығарған?!
“Жазмыш” –
ақын тынбай жазсын, – деп едi,
Жазғыштарға ұнағанмен со жерi,
Өлеңiнен бiрi безiп бередi
Көлемiнен аспай қойып
“қорегi”.
Арман – байтақ,
кiмнiң жеткен құлашы,
Бiрiксе екеу, –
қағылады сынасы.
Әлеуметтiк көңiл-күйге ұласып,
Көңiлденiп жарытпадық расы...
Бетке ұстарың
бұғып қалды қай тұста,
Бетiн тiлiп айтпақпысың?
– Айт – ұқса!
Герольд Бельгер ұнамады
бiреуге
Қапелiмде
қарсы шығып “Айтысқа”.
Қанша өзге ұлт ортасында
өз тiлiн,
Осы немiс ұмытпады –
сез сырын.
Сүлеев пен
Сүлейменов жұрты – Құл,
Өз тiлiне
салмай қойса көз қырын.
Жатырынан жерiгенде
бодан жұрт,
Батыр азса, –
ақыл айтса оған қырт.
Пейiлдiдей
сонысына пенденiң
Салқын Қала,
шамсыз Ауыл,
Дала – аңғырт.