Көктем әуендері
І.
Алматының көктемi...
жылда ерек бiр,
Жастық шағы оралып
гүл, терек тұр.
Гүл, терекке құмартқан
құрбы жанмен,
Менiң iңкәр жүрегiм
бiрге өрекпiр.
Қиял қуып келгенiм
кеше едi,
Мұңға тұнық батырды
неше менi.
Көңiлiмнiң архивiн
көтередi,
Кезбе күннiң куәсi
көшелерi.
Iңкәрлiктiң қызғалдақ
гүлiн ұстап,
Бейiм жүрдiм пейiлге
ұғыныспақ.
Жиi ұмтылдым от көрсем
көбелектей,
Тiршiлiктiң отқа ынтық
ғұмыры ұқсас.
Көз жетпейтiн белестi –
киген сағым,
Мәңгi өшпейдi ес-түссiз
сүйген шағым.
Оралмайды ол кезең,
қанша жерден,
Отқа оранған
көбелек күймен сағын.
Алматының көктемi
жылда өстер,
Ойы сөйлер көбейер
үндеместер.
Үндеместi жетелеп
тың белеске,
Кейiн қалған естелiк
күнде елестер...
ІІ.
Дәмi қандай бақыттың
бiрден келген,
Татып көрген емеспiн,
мүлде бiлмен.
Көктемдерге құмартып
көшкен жанға,
Алматының бағында
гүлдедiм мен.
Сезiм – менiң үркегiм
басыбайлы,
Сұлулықтан ғана тек
шошымайды.
Алыс кетпей, сыр ашсам
осы жайлы,
Алматының көктемi
аса ұнайды.
Көктем! Белес!..
Кезбеуге кiм шыдаған?!
Жан сырыңа жасалар
тыңшы қадам.
Сыртқы әлем iшiңе
тұтас енiп,
Бiр мұң пайда болады
шымшылаған...
Наурыз, сәуiр, мамырды
көл сезiне,
Сусын еткем жанымның
шөл кезiне...
(Бiрде Марат ағамды
алып кетiп,
Қарсы қойып алды рас
ол да өзiне.)
Көгiм шөгiп – Алатау
еткен тәжiм,
Көктем өткен күрсiнтiп, –
өткен жазым.
Естелiкке айналып
жеткен қазiр,
Кейiн қалған көресiм,
өкпем, назым...