26.05.2022
  178


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Көкеме

Күншығысты бетке алғам
арманымды әндете,
Алға жүру бақытын –
мәңгi ете гөр, мәңгi ете!
Шақырайған күн көзiн
көлегейлеп қолыңмен,
Жүрсiң бе әлi елеңдеп,
жолға қарап, жан көке?!
Алатаудан ескен жел
әнiн қосып әнiме,
Асықтырып бiттi әбден
алдағының бәрiне.
Кеткен күннiң есесiн
келген күннен дәметем,
Күте алмасаң ештеңе –
ертеңiңнiң мәнi не?
Тағдырластар көбейдi –
мазалаған ортақ дау:
Күнге жақын бару мен
оған барар жол таппау.
Айып етпе аласа, –
тiлге тиек болмасаң,
Ой қосуға сен жайлы
менiң көкем шорқақтау.
Бағы шығар аспанның –
асқақтығы, кеңдiгi,
Соры болса, аңсаушы
азаймас па ендiгi.
Биiк тапшы сен де бiр –
аспан ба, әлде басқа ма,
Ғашық болу белгiлi,
ұғып алғам мен мұны.
Езбелейiн несiне –
еңбек ет деп елiңе,
Құрғақ сөзден құлақты
құтқарудың емi не?
Көкжиектiң жүрегi
көкеме ұқсас – ұққаным,
Биiктiгiң байқалса,
сүйе салар сенi де.
Меңдеген мұң сол ғана –
сұрай қалсаң сен менен,
Күнi бойы күрсiнiп,
түнi бойы тергелем.
Көрiктi ойға кенелтер
кереметтер қарсы алса,
Кедергiлер қайтады
көкем қалған жолменен.
Сағынышым таң ата
өлең болып көз iлдi,
(Сөздiң күшi жетсе егер
бейнелеуге сезiмдi?..)
Кептелгендi көмейге
жанарыңмен айтқан ең,
Елестетсе осы жыр
көке, сол бiр кезiңдi...





Пікір жазу