Қызылқұм
Құлын шақта жарама себілген құм,
Көңілдендім төсіңде өмір көрдім.
О, қызылқұм, от кеудең қандай ыстық,
Жалынындай шарпысқан еріндердің.
Аптабыңмен күйдіріп табанымды,
Шираттың-ау бозөкпе шабан ұлды.
...Кеудемізден кірбіңге орын бермей,
Жіберетін өртке орап нала – мұңды.
Қызығасың демегін қайдағыға,
Барғым келді балалық жайлауына.
Асыр салып ойнаған бүлдіршін кез,
Қалыпты ғой көміліп қойнауыңа.
Қалды бәрі, балауса түзгі қылық,
Жаңғырады болған шақ біздің ұмыт.
Тұла бойды идіріп туған елге,
Құмда кейде жатамын қыздырынып.
Өмір кешіп мұнда да жүрген дүрлер,
Тіршілік бар құмда да гүлдер бүрлер.
Сіңіп кеттің сағымға мәңгілікке,
Жалаңаяқ құм кешіп жүрген күндер...
Аман-есен жүрмісің тума-бауыр,
Бастан ауып нешеме жылдар ауыр.
Қайтсам керек бір барып аунап-қунап,
Тарта берді өзіне құмдағы ауыл.
Сол жақ кеудем қарашы дір еткенін,
Қабағыңа ешқашан түнетпе мұң.
Астыңнан құм, үстіңнен Күн қыздырса,
Қалай ыстық болмайды жүректерің.