Сыр жағасы
Қызыл күн көкжиектен барады аунап,
Шалқып жүр шағалалар шабақ аулап.
Сап – салқын сұлу Сырға сүңгігенде,
Жаныңнан мұң іргесін салады аулақ.
Сол құстар бір құлдилап, бір әуелеп,
Билейді мың құбылта сірә, бөлек.
Атылған суға шапшып ақ шағала,
Көзіңе сурет болып тұнады ерек.
Сылқым Сыр көкірегін нұрға малып,
Жатсынбай мына бізді тұрғаны анық.
Білмеген қандай жаман құстың тілін,
Қиқулап айтып тұр-ау бір жаңалық.
Тоғайым ық болатын боранды күн,
Дегенге сенбеуші едім оранды мұң.
Сиреген таң алдында жұлдыздайын,
Селдіреп қалыпты ғой тораңғылың.
Шуылдап жататұғын күн де бұрын,
Жабырқау, тозған тоғай мүлде бүгін.
Қоймайды сүңгімеске қойнауына,
Шарпыған жұпары өзге Сыр лебінің.
Байтағым, жан-дүнием сырға қанып,
Қайтамын саған барсам тұлғаланып.
Жағаны шолп-шолп ұрып, қайрылмастан,
Барады толқыныңмен жылдар ағып.
Шаттандым, шуағыңды төктің бе, Алла-ай,
Су астын көрген көздер өткір қандай?!
Төбемде шағалалар жүрді айналып,
«Қош болғын, көріскенше!!!» – деп тұрғандай.