Неге келдің??
Неге келдің?
Тағы да жылатайын дедің бе?
Биігімнен бүгінгі құлатайын дедің бе?
Жоқ, жазылған жырларым жүрегіңді жібітіп,
Кеш болса да көңілмен ұнатайын дедің бе?
Өткен күннің өкпесін мойындасын дедің бе?
Ескі күннен естелік жойылмасын дедің бе?
Өзің жайлы өртеліп кеткен күні кешегі
Жырларымның нүктесі қойылмасын дедің бе?
Мұңлы, менсіз ғаламға симаймын деп келдің бе?
Өткен көктем гүлдерін сыйлаймын деп келдің бе?
Қырық жігіт қырқадан гүл ұсынса, қызғанып,
Бақытына басқаның қимаймын деп келдің бе?
Неге келдің білмедім? Келдің бірақ, тосыннан.
Сырымды ұғып, сыртымнан сыр айтыпсың досымнан
Біздегі арман осымен алпыс рет айырылысып,
Қиялымда күн кешіп, қырық рет қосылған.
Баяғыша байқаймын, жайнамады жамалым,
Сезбедім де мен тіпті, сағыныштың самалын.
Жан сырыңды жасырып тұрды бірақ, жанарың,
Табыспаған тағдырдың тап енді өзің амалын.