Анаға сыр
Ашылмай қалды көп тасыр мұң,
Мен сізден көп нәрсе жасырдым.
Жайды оқып қоятын жанардан,
Құдырет күшіңе бас ұрдым.
Сыр айтқым келетін саған-ды,
Сан ойлар сандалтып санамды.
Асығып барғанда алдыңа,
Жұбатып тұрушы ең ағамды.
Алыстан алам деп білімді,
Қашықта қадірің білінді.
Жабығып барғанда жаныңа,
Жұбатып тұрғансың інімді.
Тағдырым төккенде ызғарын,
Сездім бе жанымның сыздарын?
Қамығып барғанда қасыңа,
Қаумалап тұратын қыздарың.
Мен сосын кетемін сыр ашпай,
Жабырқау жаныңмен жыласпай.
Өтірік күлем де, өксіп кеп,
Көрпеме құлаймын құлаштай.
Көңілің жүрсе де күлдіреп,
Балаңа тұрады үлбіреп.
Біздегі жеті мұң жүректі,
Сіздегі жұбатты бір жүрек.
Жүдеулік жасытып жүзіңді,
Сан жылдың сарсаңы сүзілді.
Қартайып қалмаса екен деп,
Талай түн моншағым үзілді.
Алдыңда көп менің қарызым,
Тағдырға жүре ме арызым?
Өтелмей қала ма деп қорқам,
Мендегі перзенттік парызым.
Жетеуміз, жан-жаққа кетеміз,
Солайша арманға жетеміз.
Сендегі жалғыз бір жүректі
Жетіге бөліп ап жетеуміз.