25.05.2022
  118


Автор: Жақсыбек КЕМАЛ

Аптап күні тамшы іздеген тағдырлар

Аптап күні тамшы іздеген тағдырлар
Түнге келіп мұң шақты...
Жылап жатты жүрегімде жаңбырлы Ар
Ысырып қойып ыңсапты!
Ар жыласа, арманым да адасып
Ауып кетті аспанға!
Алдында оның сөйлеу қиын жақ ашып
Құпиялы жас жанға!
... Көше мынау, көшіп жатқан лай-мұңым
Жер жаялық төсеген...
Ал, мен жұттым захар уын қайғының
Көгерер ме көсегем?!.
Найзағайдай жарқ етер ме ғұмырым
Сайқал мұңмен сүйісіп?..
Мен онсыз да тағдырымның құлымын
Бойдан тәтті күй ұшып...
Ей, ару түн, аймалар ма екенсің
Маңдайыңа тақсам гүл?!.
...Бақыт бары бұл өмірде бекер, шын –
Алдап кетті ақ жаңбыр...





Пікір жазу