25.05.2022
  103


Автор: Жақсыбек КЕМАЛ

Ақтөбе - Тобыл

Ұшып-қонған көмегісіз қанаттың,
Көрінбейді қылықтарым ағат тым –
Алаңдағы ала допты алаң ғып
Тоқсан минут отырмайтын фанатпын!
Тағы да сол Ақтөбенің алаңы
Қыза түсті кеудедегі қан, әні!
Бір «сұмдықтың» болатынын сездіріп,
Қалың тұман жауып тұрды қаланы...
Командалар шықты алаңға.
Ысқырық!
Смақовтар атойлады күш қылып.
Ой, пәлі-ай! Алаң түгел тулады
Мен де бастым айқайыма ышқынып!
Түсетін тек қақпашының қолына
Доп – құдірет, телміртетін соңына.
Керемет сол – стадион теңселді
Қол соққанда біз Саматтың голына!
Еліртетін, елітетін сәт таныс –
Иқу-қиқу, аласұрған шаттаныс!
Доп тулаған, жұрт шулаған осы сәт
Бей, дүние!
Айта жүрер тәтті аңыз!
Пысқырмайтын шенді берген сәлемге
Футбол да дерт, көнбейтұғын сан емге.
...Ойын бітті, біздер болсақ қайтадан
Шығып кеттік көңілсіздеу әлемге!..





Пікір жазу