25.05.2022
  191


Автор: Бейбіт Сарыбай

Мұқағалиға

Біссіміллә еді сөзіңнің басы,
Алласыз қолға қалам алмадың.
Жыр болып тамып көзімнің жасы,
Дәл сендей мен де жараланғанмын.
Халқыңды жырға шөлдетпеп едің,
Өзіңді-өзің әурелеп, күйіп...
Өлеңді мен де өрнектеп едім,
Абайдан қалған сәуле деп сүйіп.
Жазыңды талай жалғадың күзге,
Өмірді сүйдің жаныңдай көріп.
Әр өлеңіңді арнадың бізге,
Қасқалдақ құстың қанындай көріп.
Итергенімен жалғаның жарға,
Жырқұмар жанның тілегіндесің.
Айтшы аға, сенің арманың бар ма?
Алты Алашыңның жүрегіндесің.
Ғажабы күшті, азапты әлемде
Жанартау болып жарылып кеттің.
Танытсам деп ең қазақты әлемге,
Өзің де бірге танылып кеттің.
Айтамын бүгіні арман аңыз қып,
Өлеңің жалғыз сырласым болып.
«Сен қайта тұрдың, сәл ғана мызғып,
Менің ғасырым құрдасың болып...»





Пікір жазу