Қызым менің
Қызым менiң,
Кiшкентай бүлдiршiнiм.
Қытықтайды жанымды сыңғыршы үнiң.
Сен көктем боп оралдың өмiрiме,
Менiң жаным жарды ғой мың бүршiгiн.
Қызым менiң,
Нәп-нәзiк қызғалдағым.
Дидарын еншiге алған күзгi алманың.
От пен судан бас тартпан мен сен үшiн,
Сен сезбешi өмiрде ызғар барын.
Қызым менiң,
Қаз басқан балапаным.
Сен атырдың әкеңнiң дара таңын.
Шуақ, нұрға толады асқақ кеудем,
Маңдайыма тигенде алақаның.
Қызым менiң,
Таусылмас қуанышым.
Атойлаған жанымның ұранысың.
Мұң кемiрiп жүргенде жүрегiмдi,
Ұмыттырған қайғамды жұбанышым.
Қызым менiң,
Жанымның арыс әнi.
Өмiрiмнiң өзiңсiң мәнi, сәнi.
Жолың қылдай жiңiшке, соны ойласам,
Күндiз-түнi боламын әрi-сәрi.
Қызым менiң,
Жаңа атқан әппақ таңым.
Үмiтiмнiң өсерсiң ақтап бәрiн.
Аспанымда күн болып тұра бершi,
Бағалы емес өзiңсiз бақ тапқаным.
Қызым менiң,
Жұпарым, мың тынысым.
Қандай ғажап, тұрысың, бұлқынысың.
Әкең өмiр сүрген жоқ құлқын үшiн,
Сен де ғұмыр кешкейсiң ұлтың үшiн.