25.05.2022
471
Бар кезіңде
Сәби кезден өзіңе еркеледім,
Көктемдейін, анашым көркем едің.
Бар кезіңде құлындай ойнақтап ем,
Сен кеткелі қайғыдан өртенемін.
Өзіңменен ыстық ед ұям маған,
Перзент пе екен анасын сүйе алмаған?!
Шырылдайды көңілім бозторғайдай,
Бір көрсем деп өзіңді қиялданам.
Рухың көкте, анашым, сеземін мен,
Ажал келер бізге де кезегімен.
Ажыраған діңінен бір бұтақпын,
Жас тамады қырқылған өзегімнен...
Бар кезіңде келуші ем топтан да алда,
Сен бар кезде күймеуші ем шоқтарға да.
Түсінеді қазіргі хал-жайымды,
Бұл өмірде анасы жоқтар ғана.