25.05.2022
  223


Автор: Есей Жеңісұлы

Қыс келеді қалаға, қыс келеді...

Қыс келеді қалаға, қыс келеді,
Қар астында қарағаш тістенеді.
Қап-қара бұлт, қабарып іскен өңі
Қарашаның бұғауын бұзып шығып,
Қатып тұрған қалаға түскен еді...
Қар да әлі қар емес, құр жылбысқы,
Қатар көшкен көліктер.
Сүргін күшті.
Бұлдыр түсті дүние-ай, бұлдыр түсті,
Бұлдыратып, қысқа әкеп табыстадың,
Көктем, жаз, күз шертпеген сырымды ішкі.
Биік үйлер, қар жұқпай денесіне,
Шомылады ақ мамық елесіне.
Осы бір шақ – ертегі, сенесің бе?
Бурыл шашы будақтап кеткен көлік,
Тербеледі тіршілік кемесінде.
Күн де асықпай ұйықтап, жайлап атып,
Тез өтеді «тұр-тұрлап» айды оятып.
Қайда шаттық, дариға, қайда бақыт?
Қала, дала, орман, тау – бәрі-бәрі,
Қыста неге қалады ойға батып?
Біз – уақытты, о шіркін бізді ұмытып,
Ұстатпайды тірліктің тізгіні түк.
Қара ескерткіш жанында жүз жылытып,
Қабағына қар тұнған жігіт тұрды,
Қабағынан күн күлген қызды күтіп.





Пікір жазу