Үш жыл болды, ақпан бізде тым суық...
Үш жыл болды, ақпан бізде тым суық,
Жан мен тәнді жылытпайды күн шығып.
Қала-дала қатып-семіп тұрады,
Қалт-құлт етіп қаудыр-қаудыр тіршілік.
Үш жыл болды,
оралды ма өткенге,
Шытынап кеп, қар төгеді бөктерге.
Біздің ақпан мейірімді шал-тұғын,
Соңғы он күнін сыйлай салар көктемге.
Біздің ақпан көктем сынды болатын,
Құзар шыңға қамап тастап ақ атын,
«Мен бәрібір жеңілем, – деп, – шуақтан»,
Сақалынан жас тарамдап ағатын.
Үш жыл болды, ашуына мініп қарт,
Қара бұлтты қаңтарады, құрықтап.
Жабығынан сығалайды күн әлсіз,
Үміт болып бір алыстап, жуықтап.
Қыстың көңлін жатыр ақпан қарт аулап,
Қаладан да, даладан да төр таңдап.
Біздің өмір... е-һе, біздің өмір ме?
Күн жылжуда ертегіге жаутаңдап.
Үш жыл болды: аязды ақпан, қарлы ақпан,
Міне, тағы тәмам болып қалды ақпан.
Күтіп жүрмін ақпан-шалдай бір ерлік,
Жүрегімнің түкпірінен, ар жақтан...