Қала мынау.
Қала мынау.
Бөлме қатты қапырық.
Қарбалас көп.
Жұма – сондай ауыр күн!
... Беу, шіркін-ай, еңбекпен таң атырып,
Шалғы тартқан күндерімді сағындым.
...Салған шағым ең алғашқы мүшелге із.
Биыл тауда – өте бітік, қалың шөп.
Ерте келіп, ағайынды үшеуміз,
Шабындыққа қатар түсе қалушы ек.
Бәсекеде кімнің келер қалғысы,
Қайран-қайран айналайын бала күн!
Әбіш ағам, жұрт білетін шалғышы,
Бізді ылғи алға салып алатын.
Әбіш артта, таяқ тастам біз алда,
Кең сілтесең, шалғы жалт-жұлт етеді.
Жанталасып, тырысамын ұзауға,
Екі тартып, ағам қуып жетеді.
Азаматсың, намысыңды жер етпе,
Жолатпауға тырыс енді ағаңды.
«Тарт шалғыны, өзіңе аяқ керек пе?» –
деп дігірлеп, шошытады адамды.
– Шалғы тарту қиын екен, кім білген?
– Ә, батырым, сен де енді састың ба?
– Әбіш, Әбіш! Қарашы, шоқ бүлдірген!
– Кәне, қайда?
– Аяғыңның астында!
Шоқ бүлдірген алып жатты көз жауын,
Сәні болып шалғын жапқан бөктердің.
Жесін ағам!
Ойлағаным – өз қамым:
Гүрп-гүрп тартып, тағы ұзап кеткенмін.
– О, қу бала!
Қара мұның айласын! –
Кірісті Әбіш қолға кезек түкіріп.
Бүлдіргеннің көріп сонда пайдасын,
Мен кеткемін өз жолымды бітіріп...
Балалықты сағынады кейде адам,
Көрер таңды ұйқы көрмей атырып.
Телефонда: «Шөпке келгін!» – дейді ағам...
Қала мынау. Бөлме қатты қапырық....