Кешкі сурет
Ауылдың кеші.
Аспан да мұнда кеңірек,
Ымыртқа ұйып, жым-жырт боп жатты төңірек.
Көк сиыр қайтып келеді, әне, өрістен,
Азан-қазан ғып, өңіреп және мөңіреп.
Қарсы алып қанден, үреді оған өшіге,
Қарасан келгір, өңмеңдеп кетті несіне?
Ішкен-жегені желінін кернеп алғасын,
Үйдегі бұзау түскен-ау, сірә, есіне.
Беймаза күй бар жаныңды жырға бөлеулі,
Жай желген самал өтеді тінтіп денеңді.
Бұзауын теліп, иітіп алды жеңешем,
Шелектің түбі гүрпілдеп ала жөнелді.
Көк сиыр тұрды аймалап «қара бөпесін»,
Емірене кеп, сылап тастады шекесін.
Жеңгемнің қолы желінге қапты жармасып,
Жарасымын айт, сүйсініп тегі кетесің.
Тіршіліктегі барша сабырды үйіп бір,
Қабағын түйіп, қарауытады биік қыр.
Алқара аспан, қалқыған ай мен кең дала,
Тыныстап терең, сиырмен бірге иіп тұр.
Басыңа келмей ойлардың ауыр, бөтені,
Біртүрлі... көкке самғағың келіп кетеді.
Исі аңқыған ақ сүттен құйып алуға,
Көрші үйдің қызы құтысын ұстап жетеді.