Кіп-кішкентай ұлым менің атқұмар...
Кіп-кішкентай ұлым менің атқұмар,
Жылқы көрсе, барша тірлік қалт тынар.
Саған да ертең атқа мінер сәт туар,
Қазір маған «ат сал» дейсің, бөбегім.
Кейде дұрыс ұқсата алмай аяғын,
Кейде арқырап кісінетіп қоямын.
Кейде салам оқшау жүрген саяғын,
Сені әйтеуір алдарқатып келемін.
Бөтен болма жат пиғылы, жат үні,
Қазақ ұлы ат мінуге хақылы.
Мен де бала ем тас боп қатқан тақымы,
Соның бәрі – мұнар, мұнар, мұнар күн...
«Ат сал» десең, кәдімгідей сайланам,
Ақ қағазға із түседі сайраған.
Сызамын да... сосын қатты ойланам –
Атқа шаба алмай қалған шығармын...
Таңнан тұрып, ер-тұрманды сайлатып,
Ауыздығын қарш-қарш етіп шайнатып,
Атқа, шіркін, мінбегелі қай уақыт?
Түстім мен де әуресі көп ортаға...
Жанталастым жықпау үшін туымды.
Күнде кешке күйіме еніп бұрынғы,
«Әке, енді ат бол» деген ұлымды,
Жер тарпимын, мінгізем де арқама...