25.05.2022
  132


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Қайда туған көкмешіт

Жауғашты Нəбиевке
Уа, туған жер, жамалым,
Арайлы аймақ, алабым.
Қопарса түбі жеткізбес,
Шежіре, аңыз, сорабың...
Құба қыр, айлы түндерің,
Түсіне кірер баланың.
Жасай бер, жаса, баба өлке,
Қақпақты қара қазаным!
Иə, кешегі бір күндерде,
Ақ Сағыз жатты сарқырап.
Сəулесін шашып шалғайға,
Иманның нұры жарқырап.
Абдолла хазірет салдырған
Көкмешіт болды шамшырақ.
Ат басын тірер бай – манап,
Сойысын нарға артып ап.
Қарық боп ғаріп – қасерлер,
Жататын шіркін ел шұбап.
Бұхара, Қазан, Уфадан,
Хазіреттер хабар алысқан.
Не ғұламалар бұл жерде,
Шариғат айтып жарысқан.
Шибұлақтағы Көкмешіт,
Медеу боп жанға тарыққан.
Көгілдір сонау күмбезі,
Қол бұлғаушы еді – ау алыстан.
Мамыржай дəурен бұзылды,
Төкті ғой заман бұрқағын.
Ақ пен қызыл қамады,
Байұлының бар ұрпағын.
Көкмешітті де қиратты,
Құдайсыз, тексіз ұлтаның.
Жетпіс жыл жатты типыл боп,
Үстінен жортып құр сағым.
Шетінен асып, атса да,
Көрсе де түрме құрсауын.
Хазірет атам Абдолла,
Əшір ахун, Бейшекем,
Жанұзақ қажы, Молдаш ер,
Адайдың ханы Тобанияз,
Уəли менен Ахметнияз
Кешегі өткен Сұпекем
Қиналса – дағы кеудеден,
Сөндірмей өтті нұр шамын,
Тастамай кетті мойнынан,
Дін – исламның бұршағын.
Серкелерінен айырып,
Елімді түтті жұлмалай.
Обалы кімге, не дейін,
Есалаң қылған жылдар – ай!
А, құдайлап, алға астық,
Көздің де жасы құрғамай,
Азаттыққа да кезіктік.
Бəріне төзген қу жан – ай...
Өзі өлсе де бұйрық боп,
Күлден қайта жаралған.
Феникс деген бір құсқа,
Қарайтын жұрт болып таң.
Сол сияқты құдірет,
О, Көкмешіт киелім,
Алтын айың жарқырап,
Бой көтердің ғайыптан.
Өзіңнен тумай ұл болмас,
Жылдарға жылдар жалғасты.
Абыздар кетіп келмеске,
Жаңа бір ұрпақ алмасты.
Алтын құрсақты қайран ел,
Ер туғызбай қоймас – ты,
Ол мына тұрған ардағым,
Жоланның ұлы Жауғашты.
Қай еңбегіңді айтайын,
Батасына елдің кенелдің.
Сақилығыңда қисап жоқ.
Бүгінгі мына ұрпағың,
Алғыс та берер келер күн.
Мұрасын қолға тигіздің,
Досмұхамедұлы Халелдің.
Сыңсиды құмның астынан,
Бабалар жазған мұрағат.
Жаңадан туған Көкмешіт,
Көрмесін енді қиянат.
Сират көпірді ұмытып,
Жолға да түстік кіл ағат,
Кеш, Алла, біздей бейбақты,
Етейік енді мінəжат.
Əуселең биік туған ел,
Тек шаттық болсын құрмаңда.
Еңсеңді көтер, Алланың,
Шапағатынан құр қалма.
Пəлекет, шайтан, оба, дерт,
Жоламас енді бұл маңға.
Бес мезгіл азан шақырып,
Құдайдың үйі тұрғанда!
Əумин





Пікір жазу