25.05.2022
  131


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Зырлайды ғұмыр күймесі

Қимаймын, өткен күндер өкпеге енді,
Қиратпай арман атты ақ кемемді.
Елуге мен де келдім сылтып басып,
Көзбен жеп кейде қолым жетпегенді.
Көрген жоқ тағдыр мені еркелетіп,
Құрыққа сырық жалғап, арқан есіп.
Жүргенде қайран жастық өте шықты,
Жазындай тундраның шолтаң етіп...
Мына баста сан ойлар сайрап салды-ау,
Шығарғам жоқ жанымнан жалған толғау.
Тойдан – тойға жүретін қыдырыстап,
Киіттің киімі сияқты арзанқолдау.
Не ойлайды осынау сабаздарым?
Бас кекжиіп, көтеріп танауларын.
Елу деген тоғыттан өтіп кетті,
Ғарифолла, Əбілхан, анау Ғалым...
Мен де бір саяқ жортқан дара аттымын,
Қасыма қауіп-қатер жанапты мың.
Шумақтап шылбырымды ойға баттым,
Түбінде елуінші қарақшының.
Күз келді. Ойнақ салдық ала жаздай.
Тұра ма бір орнында заман озбай.
Темір жол тұйығында қалар ма екем,
Күні өтіп, қаңтарылған паравоздай...
Түспесін тек санаға сызат, таңба,
Зерікпесін ой деген бұлақ барда.
Ұйқы қашса, естелік қопарармын,
Жамбасым шіритіндей ұзақ таңда.
Шал-шауқанға əйтеуір барлығы жау,
Қаһарлы қыс алапат, алды қырау.
Күнə қысып, бір жақтан ауру меңдеп,
Əй, қиын-ау, кəрілік, əй, қиын-ау!





Пікір жазу