25.05.2022
  146


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Армысың, алтын ұя

Туыстың қасына еріп байсалдырақ,
Аттап ем есігіңнен сəл қалтырап...
Қандырған рухани шөл қатамды,
Сен едің ең алғашқы кəусар бұлақ.
Қалай тұрар жас жүрек алабұртпай?
Сырттағы кең дүниеге қарағыштай.
Көнетоздау партаңда отырушы ем,
Балақ баулы талпынған бала құстай.
Дүбірлейді кеудемде тулаған əн,
Өз мектебін ақын жоқ жырламаған.
Тілеу тілер жүрсем де қай қиырда,
Тəріздісің батагөй туған анам.
Қабырғаңда ұштала түсті арманым,
Болмаса да кіл алтын, мыс қармадым.
Түсімде əлі жүреді сабақ беріп,
Көздің шелін сыпырған ұстаздарым.
Жетпіс жылда шынардай көк тіредің,
Алыстарға самғады көп түлегің.
Енгенімде киелі босағаңнан,
Елжірейді қазір де ет-жүрегім.
Ой-санамда ақылдың дəні піспей,
Бал нəріңді кетіп ем қанып ішпей.
Мешітіне соғатын анда-санда,
Мен де саған оралдым дəруіштей.
Атой салып мың елес қиялымда,
Жез қоңырау үні тұр құлағымда.
Ал, есейдік, не таптық, қайтар жол жоқ,
Жүріппіз-ау дүниенің жұмағында.
Көкірегімде қалдырдың тозбас үлгі,
Тас төбемде жұлдыздай қозда түнгі.
Өмір бақи мен сенің шəкіртіңмін,
Иіп өтем мəңгілік боз басымды...





Пікір жазу