Жүрсің ылғи жанартаудың ішінде
Балтабек Қуандықовқа
Оңайлықпен жеткізген жоқ сонау төр,
Жету үшін төктің талай қамау тер.
Арасында жортып жүріп ер жеттің,
Мақат, Доссор, Кенбай, Сағыз, Жамансор.
Апай төсін шиырлаған мың сан із,
Ен далада күнге пісіп құйқаңыз.
Сыйлаған да шығарсың-ау сан қызға,
Шағылдардан қазып алып құмсағыз.
Қырларында сағым ойнап көгілдір,
Ызыңдаған небір аңыз, небір жыр.
Қасиетті əулиелерге сиынып,
Орыстар да бет сыйпаған өңір бұл.
Қыр баласы келеді ылғи құс ұйқы,
Ұйықтатпайтын шығар бəлкім құт иісі?
Киізіңнің дəл астында жатыпты-ау,
Мұнай деген жарықтықтың мұхиты.
Дейтін шалдар: «Ұғынып ал, құлдығым,
Тесе бермей жер ананың кіндігін
Күні-түні күзетеді мұнайды,
Сор иесі, теріс аяқ шимұрын...»
Қазынаның болар, рас, киесі,
Жат жұрттықтар кимелеуде бұ несі?
Шимұрын да, басқа да емес, Құдай мен,
Мына өзіміз емес пен едік иесі?!
Сен білесің кəрі Атырау мəн-жайын,
Өзіңді аға, тұлға тұтты сан дарын.
Тамыршыдай кен бар жерді дөп басып,
Түйіледі кере қарыс маңдайың.
Симпозиумнан, жер-жаһандық қиядан,
Сені көріп тебіренем, қуанам.
Ақтады-ау деп туған жердің дəм-тұзын,
Дəл өзіңдей атанжілік бір ағам...