25.05.2022
  103


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Келбет қызыма

Жанымызды аруларға емдетіп,
Естен шығып кəкір-шүкір, кем-кетік.
Кеше біздер КазГУ деген айдында,
Жүруші едік балқып-шалқып, əндетіп.
Бір топ едік, мұң-сырымыз ортақ-ты,
Жігіт-желең ажырамас жар тапты.
Сиқыршыдай алдап-сулап ақыры,
Уақыт бізді шартарапқа тарқатты.
Жұпары əсем біздер жүрген гүл бақтың,
Енді соны сен арала, сымбаттым.
Сен курстың тұңғыш көрген перзенті,
Төлбасы едің, сондықтан да қымбатсың.
Мезгіл мыстан айғыздады түрімді,
Ұрпақ өсті, көңіл соған сүйінді.
Сен, Келбетжан, қимас сəттің көзісің,
Дəл осыдан жиырма бес жыл бұрынғы...





Пікір жазу