Жастық шақ
Түспеді атым тарихтың тақтасына,
Ғажап кезең, сен бірақ қашпа асыға,
Мен бір затқа қуанам – жастық шақсыз,
Мына бізсіз дүние – бос сахна.
Жер бетінде дəуірдің əр шағында
Ойнақ салған тұғырың, тарпаңың да.
Барлығы да егіліп жастық шағын,
Есіне алар дүниеден қайтарында.
Жүре берсек бала боп ойламай дым,
Бірақ оған қарай ма найзағай күн.
Жарқ етер де жоқ болар сондықтан да,
Қатты құшып мен сені аймалаймын.
Қылпылдаған тот басар ұстараны,
Айналаңнан тиылар құстар əні
Кемпірлердің бір тұтам бұрымындай,
Алау күнім білемін, қысқарады.
Сен кетерде көрсетпей жасық қылық,
Бар əлемге əн салам есіттіріп.
Содан кейін амалсыз қоштасармын,
Белуардан ақ қарды кешіп тұрып.
Жер кепенің түбінде жыл санаған,
Бола алмаймын бəрібір біртоға жан.
Қуанарсың бауырлар бір күндері,
Шыға келсем шырқатып қырқадан əн...