Дала - менің отауым
Отау тіктім баспана көп жүдеткен,
Керегесі көз жетпес көкжиектен.
Ірге жақтан тұрсын деп самал соғып,
Орап қойдым дірілдек ақ жібекпен.
Аспан – ойға түнімен батайын деп,
Туырлығын жасадым тотайын көк.
Түндігі жоқ, түндікті каламадым,
Ай нұрымен жыр жазып жатайын деп.
Отау болды бұл өзі ел тікпеген,
Шалқымасам “Адайды” шертіп бəлем.
Құндыз таймен бір түні алып қашып,
Сені күнім, осында ертіп келем.
Бұлбұлдарым əн салар күмбір керім,
Байқатпайды өткенін күн дүрмегін.
Теріп əкеп алдыңа қоям үйіп,
Жер-ананың жуасын, бүлдіргенін.
Бері өтетін жалықсаң, əрі өтетін,
Бар ғой менің сүйікті парашютім.
Акша бұлттар апарар бізді алысқа,
Көрсетейін сағымды дала шетін.
Сені сезім батырар тереңіне,
Шаттық толқып соғар-ау кемеріне.
Дерсің сонда алдымда күліп тұрып,
Басқа заттың біздерге керегі не?