Жеті қат көк құпияң көп бөктерген...
Жеті қат көк құпияң көп бөктерген,
Біздің ғұмыр тамсанумен шектелген.
Қараса да дүрбісімен сиқырлы,
Талай бейбақ тілдесе алмай текке өлген.
Қайтем енді, көз суарып арбағын,
Біріне де ілінбеді қармағым.
Тас-төбемнен өтесің-ау мазақтап,
Миллион жұлдыз – менің миллион арманым.
Көкке қарап дəметумен өтті өмір,
Қайрат бермей, қиял берген жетпегір.
Сыңсып аққан жұлдыздарды қағып ап,
Билік тисе лақтырар ем көкке бір.
Барар жерім жарық па, əлде қараңғы?
Шіркін көмей шырқатып бір сал əнді.
Достарыммен қол ұстасып жүрсем-ау,
Шыр айналып он сегіз мың ғаламды.
Сапарыма тəтті үмітпен шығып ем,
Орта жолда жынданармын түбі мен.
Бəрін көріп отырсың ба, Тəңірім,
Қарақошқыл тұңғиықтың түбінен.
Бізді қайда апарады жол түбі,
Жатқызбайды сан сауалдар солқылы.
Шарасыз боп күн кешкенше əу баста,
Жақсы екен ғой болып туған делқұлы...