25.05.2022
  127


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Ескі базар

Балалықтың кеттік-ау қиып төрін,
Ыстыққа да, суыққа тиіпті ерін.
Біздер үшін бір кезде клуб пенен
Базар еді Сағызда сүйікті орын.
Ішпей-жемей сол кезге тоям бүгін,
Қызық тірлік, жоғалдың баянды күн.
Гуілдеген сол базар мына бізге,
Жəрмеңкесі сияқты ед Қояндының.
Сол базарға тұс-тұстан ағылатын,
Бар тамаша осында неғыласың.
Үлбіреген қыз да бар, қауын да бар,
Соған келсек жоғымыз табылатын.
Бала қыздар ер көріп, қара көріп,
Қалтамызға шемешкі, салады өрік.
Күлімдейтін құрғырлар, еркелейтін,
Шешесінің көздерін ала беріп.
Осы жерде сұлулар сырға тағар,
Осы жерде айтылар жыр – баталар.
Айранының бетінде жеңгейлердің,
Жүзетұғын көсіліп құрбақалар.
Шөлдегеннің жанары шамдай жанып,
Бал айранға қол созар қанбай қалып.
Сіміретін кей орыс ағайындар,
Риза боп бақаға таңдай қағып.
Жүйрік жылдар сар желіп аңқыды да
Даламызға тартылды сан шұғыла.
Талай нəрсе өзгерді, жер бетінде,
Сол базардың жоқ бүгін тамтығы да.
Содан бері қаншама өшті назар,
Аулымызға біршама қостық ажар.
Өткен сайын қараймын орынына,
Қайта қызып кетердей ескі базар...





Пікір жазу