25.05.2022
  271


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Біздің өмір

Тау мен тасқа соққылатып басымды,
Бойда желік жүруші еді жасырын.
Мезгіл желі лүп еткенде басылды,
Қайнаған сүт көбігіндей ақырын.
Тосты мені маңдайыма жазылған,
Қыл көпірлер өмір, өлім жігіндей...
Соны ойласам дір етеді нəзік жан,
Өрмекшінің белгі берер жібіндей.
Құрбан болам дейтін менің жолымда,
Əке-шешем кетті қайтпас орынға.
Бөгелектің сіркесіндей жабысып,
Кетіп барам уақыт сенің жалыңда.
Қайда, барам, бармын ба əлде, жоқпын ба?
Еш дыбыс жоқ, даусым жатты жаңғырып.
Тұрдым талай жұлдызды аспан астында,
Балшық басып шыққан аттай мəңгіріп.
Кірдің суын еміп өскен күлдікте,
Айналып өт қасиеті жоқ гүлден.
Ылғи жолым болмағасын тірлікте,
Бірте-бірте ырымшыл боп кеттім мен.
Сəби өңді бұзды жылдар киқалап,
Ғұмыр өтті жалғыздықта, аулақта.
Біздің өмір елеусіздеу күйтабақ,
Əр нəрсені еске салар бейуақта...





Пікір жазу