Ақан сері
Талай-талай бұл дүние нарды көрді,
Өнер десе салатын бар жігерді.
Ақанды мен əйтеуір жақын тұтам,
Өнерпаздар ішінен арғы-бергі.
Татып жүрген асқақ əн, ойдан сусын,
Жан емес ол саудаға пайдам тисін.
Аңғардағы бүріскен бес-алты үйге,
Ақан сері жыл бойы қайдан сыйсын?
Сықып əнге кеуденің көл кесесін,
Қалың елге жолшыбай селдететін.
Қызыл-жасыл киініп, бұлттар құсап,
Ілесіп-ақ маңитын желге сосын.
Əділетсіз заманда тасыр-дүбір,
Бойға жинап елде жоқ асылды кіл.
Тай-тапыраш көрсе де тіршілікте,
Ақандікі бəрібір жасын ғұмыр.
Мəңгі жастық, өтпейтін жазды армандай,
Төгілетін ойнақы саздар қандай.
Басарала, Көкжендет қоса біткен,
Үш тоты мен Құлагер аз болғандай.
Жүрегіне талайдың шоқ маздатқан,
Əніменен əуеде ақ қазды атқан.
Қарап қалар көз алмай мұжықтар да,
Шақшасына алтынмен кавказдатқан.
Қайран қылған қызын да, мырзасын да,
Алуан өнер бар еді-ау бір басыңда.
Жүрісіңе салам деп сенің дүлдүл,
Таңы айрылған талайдың қыр басында.
Қарсы алдыңнан сан арқан керіліпті,
Місе тұтпай бойдағы кəрілікті.
Сенің ғана қолыңнан келетін іс,
Өле-өлгенше тастамау серілікті.
Жалтармайтын тұрса да тозақ алдан,
Қыран едің дəм татқан таза қолдан.
Сауық құрып Біржанмен бір-екі жыл,
Қайтып келсе жұбайы қаза болған.
Жортып кеттің бетке алып тағы түнді,
Қайран серім тыймадың шабысыңды.
Мына бір заң дəуірлеп тұрған заман,
“Қатын өлсе – қамшының сабы сынды”.
Тұрған кезде көмейі, көрігі аман,
Бар қазақтың дайын ғой төрі де оған.
Ортасынан жүз қыздың өткізгенде,
Ертіп кеткен жартысын сері бабам.
Арпалысып, тағдырға көнбей малша,
Шын асылдар өлмесе, сөнбей қалса.
Мына жалпақ ғаламды шайқар еді-ау,
Па, шіркін-ай, бар қазақ сендей болса!
Ол кездерде дала жас, көл де жасаң,
Əнге балқып күй кешті ел де масаң.
Ақан сері қазақтың аспанына,
Атын жазып кетіпті-ау əлдеқашан.
Қасың бұғып, əніңді досың қостап,
Туған жердің тербелдің төсінде асқақ.
Бар жігітке арман боп көз ұшында,
Сен барасың жастықтың көшін бастап..