25.05.2022
  118


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Шарасыздық

Бір ғажап күш айдауда елпілдетіп,
Бəріменен дегендей қал тілдесіп,
Бізді қимай барады жортпаш-сағым,
Көкжиекте көз жасын көлкілдетіп.
Күн кешеміз ой жайлап, қия жайлап,
Мелшиеміз болжалсыз жүйені ойлап.
Əуел бастан бұқұдай кеткен бізге,
Құпиялар есігін шие байлап.
Жаналғышың төнсе де най басыңа,
Асыл сүйек шоралар, ау жасыма.
Сен кетсең де бойдағы əз-өнерің,
Бір соғады түбінде заузатыңа.
О, дүниеге жасаймыз ойша жорық,
Үзілеміз жақсы əнді айта беріп...
Жер астына бір батып шыққан күндей,
Жүр ме екенбіз жиһанға қайта келіп.
Ертең тағы шығады ол ұясынан,
Жазылуда тағдырлар... сиясы-қан.
Мына бізден бұрын да осыны ойлап,
Талай дүрдің сенделіп, миы ашыған.
Еншімізге шоп-шолақ өмір арнап,
Көп сұрасаң үндемес саңырау хақ.
Е, Жасаған ием-ай, айтпадың-ау,
Қайда əкетіп барасың омыраулап?





Пікір жазу