25.05.2022
148
Беу, табиғат
Жібек самал омырауды өпкенде,
Тұла бойы кетеді екен күш тасып,
Тасқа дейін құлпырады көктемде,
Бетін əсем мүк басып.
Көкжиектің көлегейлеп аржағын,
Сұлу сағым, көзімді арбап сылаңда.
Ін аузына тастап қысқы жарғағын,
Түледі əне, жылан да.
Тамашаға батырдың-ау, бізді еппен,
Түс көргендей қылып қойдың ояуды.
Шеберсің-ау, өзің айтшы қыз-көктем,
Қайдан алдың осыншама бояуды?
Уакыт шіркін санаспайды алтынмен,
Тоқтамайды дүниенің пұлын сат.
Дір-дір етіп дəл осынау қалпыңмен,
Көз алдымда тұра тұршы, шырын сəт!
Аяқталып қуғыны мен сүргіні,
Ғұмыр тозып, таусылғанда амалым.
Мəңгілікке қисаярмын бір күні,
Қойныңа кеп туған жерім, жамалым!