Тылсым көкпен тілдесу
Қысылғанда сен болдың сүйенгенім,
Мылқау ғарыш, өзіңді кием дедім.
Мына жалған біткесін қайда барам,
Ақыл берер қайдасың ием менің?
Қанша күттік ғаламат бөтен үнді,
Көре алмадық қандай жан екеніңді.
Бір өзіңе айтатын мұңымыз көп,
Жаратқан-ау, айтсаңшы мекеніңді?
Не келмейді, не кетіп қайран басқа,
Жым-жырт түндер қоймайды ойланбасқа.
Көкке қарап көз ілмей телміргенмен,
Көре алмадык жұлдыз бен айдан басқа.
Жарқ еткенде қараймыз жырғай, өріп.
Қадір түнгі осынау нұрға жорып.
Үндемейсің бəрібір қасақана,
Сүйекшілер секілді сырға берік.
Қас-қағымдық ғұмырын көпке балап,
Саған налып кетсе де өкпелеп-ақ.
Неге адамдар бірдеме дəметкендей,
Өлгенде де жатады көкке қарап?
Бұ дүниеден көшеміз ал, біз шырақ,
Жаман-жақсы артымда қалды із шұбап.
Мөлт-мөлт етіп көзімде жалғыз тамшы,
Көкейімде кетеді-ау жалғыз сұрақ.