25.05.2022
  79


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Ояту

Біздің ұрпақ, жаманның жайрат бəрін,
Ұшқын атқан, о, менің қайрақтарым.
Барлығың да қазақша қауқылдасып,
Тұрар ма екен желбіреп байрақтарың?
Батырлар-ау, ойланар келді күнің,
Заман болды қыны жоқ белдігінің.
Елші ағылған кешегі оқ ордалар,
Белгісі екен халқымның елдігінің.
Буырқанды бүгінде тамам дала,
Селт етпей ме сонда да санаң бала?
Мешіттерің жатқанда опырайып,
Шіркеулер тұр аспандап, анаң қара!
Кешкен бастан көп қырғын, көп ғажапты,
Қалай алдап соқты екен сақ қазақты?
Біреу мініп жүр əне лақса ғып,
Ата-бабаң сыйлаған ақ боз атты.
Құртар бізді түбінде төзімділік,
Жауды ықтырып, досыңа көзің күліп.
Бес қаруың бойыңда, баяғыдай
Тұлпарыңды жүрсеңші өзің мініп...





Пікір жазу