25.05.2022
  145


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Келді менің көктемім

Қар астында қыс бойы азап шеккен,
Өсімдікті, жəндікті оят, көктем!
Мен де күттім өзіңді бір адамдай,
Ескен жаққа жылы жел қарап көптен.
Жібітетін тасты да асыл күш-ай,
Құдіретіңмен гүл шығып, тасиды – сай.
Сонау күзде келсеңші ұшып кеткен,
Махаббаттың алғашқы жасыл құсы-ай!
Жүйрік уақыт тізгінді тарта тұршы,
Ойлардың да түйіні тарақатылды.
Бұл өзіңмен қарағым, кездеспеген,
Көктем еді япырмау, қаншасыншы!
Өткен күнді болмайды ескірген деу,
Еске салар көкжиек, көкшіл белдеу.
Ешбір жанға қажетің болмаса да,
Заңдылық қой дүниеден кеткің келмеу.
Көктем сайын жанымыз қалар байып,
Жылғаларға жіберіп қағаз қайық.
Көз алдыңнан қылтылдап жоғалатын
Сол қайықтай бəрі де болар ғайып.
Лапылдаумен, қайнаумен бұрқылдаумен,
Өтесің-ау бір күні шіркін, дəурен!
О, Жаратқан алсаң да көктемде алшы,
Аттандырсын табиғат мың сырнаймен.





Пікір жазу