Ағайынға сыр
Атадан қалған өсиет,
Тірлікте бірлік іздейміз.
Халқыма біткен қасиет –
Туыстан күдер үзбейміз.
Жүрсе екен дейміз жаңылмай,
Кетпесе екен дейміз бөтен боп.
Ағайын туы жығылмай,
Желбіреп тұрса екен деп.
Алыстап жүрер кей жақын,
Атасы бөлек жандарша,
Ағайын, туыс, жекжатың,
Көре алмас кейде бар болса.
Жақсы ағайының қорғайды,
Соңғы бір тұяқ қалғанша.
Жыладық па, әлде күлдік пе,
Қадалар күдік жебе боп.
Береке түбі-бірлікте,
Алауыз болып не керек.
Беделің болар керемет,
Түспесең егер тұғырдан.
Ағайын, туыс не керек,
Ауа-райындай құбылған.
Жүректен жүрек от алар,
Сақтасын жала-күйеден.
Ақылды екен аталар,
Ағайынға арқа сүйеген.
Сүйекке теппес туысың,
Қазағым неткен көреген.
Басыңа қиын іс түссе,
Жаңылып жүріс, жорғаңнан,
Сақтасын Құдай, тіс түссе,
Керегің болмай қылғаннан.
Тату ағайын ардақты,
Қиындықты да жеңерміз.
Жоныңа түскен салмақты,
Жұмыла көтерген елміз.
Бәрі де ертең қалады,
Қалады алтын сарайың.
Ұрпақтар өссе саналы,
Оңыңнан туған ол Айың.
Тірліктің сәні болады,
Ажырамаса ағайын.
Ардақтылары ұлыстың,
Ағайыныңа қорғаныш.
Түбіне жеткен туыстың,
Алауыздық пен кызғаныш.
Намысты жанға ел сенер,
Жауынан беті қайтпаған.
Абысын тату болса егер,
Ас көп деп бекер айтпаған.
Жасасаң барға қанағат,
Ұқсамай ұшқан қаңбаққа.
Ермесін десең жаманат,
Ақылмен ойды салмақта.
Ел болам десең, жамағат,
Ағайыныңды ардақта!