24.05.2022
  180


Автор: Ибрагим Иса

Төзім, деген не достым?

Төзім деген не осы,
Төзім деген не, достым?
Бұл жөнінде кеңірек келеді бір кеңескім.
Бейшара мен әлсіздің жұбанышы төзім бе?
Солай-ау деп ойлаушы ем,
ойлаушы едім өзім де!
Ренжісең төзе біл,
кемсітсе де,
өлтірсе,
Бұл өмірде қиын-ақ өмір сүру еркіңше.
Арызданба,
кіжінбе таршылыққа, о достым.
Түңілгендер өмірден бақыт тапқан емес түк.
Азаптаңдың,
тұншықтың нәтижесіз қаншама,
Тек шыдамның шынжыры үзілгенше шаршама.
Өз-өзіңді қорғап бақ,
қорға,
қорға бір тынбай,
Қалай тұрсың сілкінбей,
қалай тұрсың жұлқынбай?
Қалдықтарын ескінің –
жалақор мен арсызды,
Құрту керек соларды,
солар құртты әлсізді.
Болмайтынды болдырар жарып шықса кек қайнап,
Өш алуға келерсің,
ораларсың от байлап,
Кек семсері серпілсе-жайғастырар талайды ол,
сілтерсің-ау еркіңше,
бірақ...бірақ...абай бол!
Шырмауында шыдамның қалып жатыр қанша адам,
Қараңғы мен қапаста өксіп-өксіп шаршаған,
Булықтырған іштегі ашу-ыза қозғаушың,
Сілкіндіріп орныңнан тұрғызады өз даусың.
Ақымақ пен арсыздар сайран салып, сән құрып,
Данышпан мен жақсылар аш жүреді қаңғырып.
Жағымпаздар тек алтын сарайларда күн кешіп,
Намысқойлар, обал-ай, пана таппай жүр көшіп.
Неткен бұзық өмір бұл.
Опасыздар кетті өсіп,
Адал жандар жүр, әне, көкірегін кек тесіп!
Соқыр болғым келеді, бұл сұмдықты көргенше,
Ақыл бергім келеді бірер жанға өлгенше...
Реніш пен ызадан сіңір болған жүректі,
Келмейді әсте,
келмейді кеудемде бос, түнеткім.
Айтар болсам тағы да төзімділік жайында,
Тыңда мені, о, достым, берілме еш уайымға.
Күштілердің алдында қалтырама, жасқанба,
әлсізбін деп көндікпе,
өзіңді-өзің баста алға.
Төзімі мол жандарға, сусынын бер жігердің,
Ал тілесең тыныштық,
тынаштығын тіле елдің.
Көтер кәне, еңсеңді!
Айыптыға жаза кес!
Сатқындардың күнәсі аз емес-ау,
аз емес!
Момындардың желкесін жауыр қылды жауыздар,
Қимылдасай, сенде де
қол,
аяқ бар,
ауыз бар.
Өзін Құдай санаған сабаздарды кешпе түк,
Аяғыңа өзі кеп жығылса да ес кетіп...
Болған емес,
болмайды зұлымдықтың өлшемі,
төзім менен шыдамның сондықтан да бар шегі!





Пікір жазу